Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты бірінші сот отырысы кейінге қалдырылды

 
Нұрай Серікбай соты кейінге қалды
Фото: Stan.kz

Нұрай Серікбайдың 21 шілдеге қойылған бірінші сот отырысы сотталушының ауырып қалуына байланысты болмай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот Шымкентте 2026 жылғы 21 шілдеде сағат 10:00-де мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта өтуі керек болған. Дегенмен сотталушы аталған күнде ауырып қалған.

Жәбірленуші тараптың адвокаты сотталушының қатысуынсыз-ақ іс материалдарымен таныстыру туралы өтініш айтты.

“Меніңше сотталушының қатысу бұл жерге қатты керегі жоқ. Біз сотқа дейінгі барлық деректі таныстыра берсек”, – деді адвокат. 

Дегенмен судья соттың әлі басталмағанын және уәжді қабылдау үшін барлық тараптар қатысуы керек екенін жеткізді. 

“Сотталушының денсаулығының нашарлауына байланысты сотты кейінге қалдырамыз. Оның қашан жақсаратыны белгісіз. Соған қарай алдағы сот отырысын қай күнге қоятынымызды анықтайтын боламыз”, – деді судья.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 10:35