Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сіз процесті созып жатырсыз ба": Судья Бишімбаевтың қорғаушыларына сөгіс жариялады

Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіру ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан жауап алынды. Жауап алу барысында Бишімбаевтың қорғаушылары сарапшыға ұзақ әрі тым көп сұрақ қойды. Судья адвокаттарға сөгіс жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Түскі үзіліске дейін қорғаушы сарапшыдан тексеру барысында қандай құжаттарды қолданатынын, сондай-ақ қандай ақпаратқа, әдіске сүйенетінін сұрады.

Одан әрі ол жәбірленушінің субдуральды гематомасы туралы сұрады. Атап айтқанда, адвокат жарақаттың марқұмда қайтыс болған күннен бұрын болу-болмауын, оның өліміне себеп болуы мүмкін бе деген сұрақтарын қойды. Бұған сарапшы теріс жауап берді.

Нәтижесінде куәдан жауап алу кейінге шегеріліп, процеске қатысушылар түскі үзіліске шықты. Түскі үзілістен кейін адвокат сарапшының қорытындысын талдауды жалғастырды.



Осыған ұқсас сұрақтар бұрын да көтерілгендіктен, судья сотталушының қорғаушылары тарапынан қойылған сұрақтарды бірнеше рет қабылдамады.

"Жауап барлығына түсінікті", – деді судья.

Сонда адвокат ашулана бастады. Судья Бишімбаевтың адвокатына тағы да жүгініп, сұрақтың қайталанып жатқанын хабарлады.

"Жақсы. Сіз оның аздап мас болғанын айттыңыз. Алкогольді аз ғана ішкен адам құламайды. Мүмкін оның бойында алкогольге төзімділік болған шығар?” – деп сұрақ қойды қорғаушы.

Сарапшы теріс жауап берді.

Сонда судья:

"Сіз сұрақ қойдыңыз, сотпен айтыстыңыз, оған өзіңіз жауап бердіңіз. Сұраққа жауап бұрын айтылды ғой. Сотта дауыс көтеріп, жоғары тонмен сөйлеудің қажеті жоқ. Өз сұрағыңызға жауабыңызды алдыңыз. Бұл не? Процесті созу ма? Түсінбей тұрмын", – деді сот.

Содан кейін адвокат судьяға жәбірленуші тараптың осыған ұқсас сұрақтарын алып тастамағанын баса айтты.

"Қорғаушы тарап, сізге тағы түсіндіремін, сұрағыңызға жауабыңызды алдыңыз. Сондықтан сотта тәртіп бұзып, қайталап, дауысыңызды көтерсеңіз, сот бұған әрекетпен жауап беруге мәжбүр болады", – деді судья.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың адвокаттарының сарапшыға қойған сауалы алқабилердің күлкісін келтіргені туралы жазған едік. 

Талқылау