Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрын сом 3 теңге болса, қазір 5,5-ке өсті: Қырғыз валютасы неге құнды?

Көрші елде тұратын қазақстандықтар бірнеше жыл бұрын сомның теңгеге шаққандағы бағамы 3 теңгені құрағанын айтқан еді. Қазір сом валюта айырбастау пункттерінде 5,51 теңге тұрады.

Осыған қатысты интернет қолданушылар арасында: "Неге теңге соммен салыстырғанда 2 есе құнсызданды? Айырқалпақты ағайындыларымыздан неміз кем? Біздікіндей табиғи ресурстары жоқ елдің ұлттық валютасы неге күшті?",- деген сұрақтар көп талқыланған еді.

Stan.kz тілшісі экономистерден себебін сұрап көрді. 

"Қырғыздың экономикасының қуаттылығы біздің Алматы қаласынікімен бірдей. Экономикасы қуатты емес. Оның үстіне қырғыздың сыртқы экспорттық-импорттық операциясы Қазақстанмен салыстырған анағұрлым аз. Қазақстанның теңгесіне сұраныс көп. Демек, теңгенің бірде жоғарылауы, бірде төмендеуі тікелей өндіріс пен сыртқы алыс- беріске байланысты", - деген экономист Илияс Исаев теңгенің құнсыздануына себебі көп екенін айтады.

"Оның сыртында бізде ішкі өнім жоқ. Халық көп тұтынатын тауарларды көп жағдайда сырттан әкеліп жатамыз. Ол долларға деген сұранысты артырып, қымбаттауына соқтырады", - дейді экономист. 

Теңге бағамының тұрақсыздығын, сомның құнды болуын Исаев былай деп түсіндіреді. 

"Сомға сыртқы елдерден сұраныс болмаған соң, тұрақты, құнды сияқты болып көрінеді. Сондықтан Қырғыз елінің экономикасы біздікінен мықты деуге негіз жоқ", - деген Илияс Исаев сомның қазіргі жағдайын "тұрып қалған сумен" салыстырды. 

Экономист Оразалы Сабденнің өз уәжі бар. 

"Ресейдегі санкция Қазақстанға тікелей әсері бар. Біздің экономикамыз басқа елдермен салыстырғанда Ресеймен тығыз байланыста. Біз оған "көгіндеулі қозы" сияқтымыз. Ал қасқыр санкция болып тұр. Қырғыз бен өзбектің экономикасы біздікі сияқты мұнайға, газға, қазба байлыққа тәуелді емес. Қырғыз бен қазақ экономикасының арасы жер мен көктей. Біздің байлығымыз өте көп. Бірақ әңгіме кімнің ақшасы көптігінде емес, оны дұрыс басқару жүйесінде. Оларда бізге қарағанда басқару жүйесі дұрыстау", - деген Оразалы Сәбден көрші елден үйренеріміз көп екенін айтады. 

"Қырғыздар - өзі аз ғана халық. Соның өзінде көп қырғыз өзге елде жұмыс істейді. Олар тапқан ақшаларын босқа шашып жатқан жоқ, еліне әкеліп жатыр. "Орыстан білім-ғылым үйрен, ал өзбек, қырғыз, татардан сауда-саттықты, қолөнерді үйрен", - деген Ұлы Абайдың айтқандары дәл келіп тұр", - деп ұлы ақынымызды ұлықтаған сарапшы халықты жалқауланбай, ішкі өнімді дамытуға шақырды. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

Талқылау