Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарда сиырлар ауырып, тұрғындар сүтін төгуге мәжбүр

Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылында ірі қара арасында жаппай ауру тіркелді. Тұрғындар малдарын жайылымға шығармай, аурудың таралуынан қауіптеніп отыр. Алайда ветеринарлар қауіпті індет жоқ екенін айтып, алдын ала диагноз ретінде стоматит қойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Бірінші Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары үй жануарлары арасында тараған белгісіз дертке алаңдап отыр. Жеке шаруашылық иелері бірнеше күннен бері сиырларын жайылымға шығармай, аурудың одан әрі таралуынан қауіптенуде. Малға қандай індет жабысқаны әзірге нақты белгісіз.
Екінші апта қатарынан Ильинка ауылының тұрғындары сиырларын өріске жібере алмай отыр. Ауыл адамдары нақты қандай инфекция екенін айта алмайды. Кейбір малдар жазылып келе жатса, енді біреулері сол күйі бірдей белгілермен ауырып жатыр. Тұрғындардың пікірінше, ауру көрші ауылдардан келген болуы мүмкін. Қазіргі уақытта сүт өнімдерін де пайдалануға немесе сатуға болмай отыр.
Ауыл тұрғыны Сергей Саратовцевтің айтуынша, көптеген отбасы үшін сүт негізгі табыс көздерінің бірі.
"Он күннің ішінде сиырлар қатты арықтап кетті. Күні бойы мөңіреп тұрады, сыртқа шыққысы келеді. Ауыздарынан сілекей ағып, мұрындарынан су тоқтамай кетті. Тәбеттері жоғалып, су да ішпей, жем де жемей қойды. Екі-үш күннен кейін ғана аздап күйіс қайтара бастады. Көрші Александровка ауылында да осындай жағдай. Ауру сиырлардың сүтінен май да жасамаңдар, сатпаңдар деп ескертті. Сондықтан сүтті төгуге мәжбүрміз. Бес сиырым бар. Үлкендері жазылып кетті, төлдер әлі де аздап сырқаттанып жүр. 4-інен бастап карантин жарияланды деген соң жайылымға шығарған жоқпыз", – дейді Сергей Саратовцев.
Қазір ондаған бас мал иелерінің тәулік бойғы бақылауында тұр. Аурудың таралуынан қорыққан тұрғындар түрлі алдын алу шараларын қолға алған.
Ауыл тұрғыны Ақыл Жанботина ветеринарлар талдау алып, екпе салғанын айтады.
"Біз өзіміз де малдың ауыз қуысын марганцовкамен өңдеп, фурацилинмен шайдық. Бар мақсатымыз – малды аман алып қалу. Әзірге барлық мал ауырған жоқ. Бұл ауру Николаевка ауылынан келген сияқты", – дейді Ақыл Жанботина.
Тағы бір тұрғын Еламан Құрмановтың айтуынша, олардың малы әзірге ауырмаған. Сондықтан олар алдын алу шараларын жүргізіп, індет жұқтырмас үшін малды қорада ұстап отыр. Оның сөзінше, жаз мезгілінде малды үйде ұстау оңай емес.
Алайда аудандық ветеринариялық станция қауіпті вирус немесе карантин бар деген ақпаратты жоққа шығарады. Мамандар тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтады. Қойылған алдын ала диагноз қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатпайды. Сондай-ақ малдың жаппай қырылу қаупі де, адамдарға жұғу қаупі де жоқ дейді. Ал ауру сиырлардың сүтін пайдаланар алдында міндетті түрде қайнатуға кеңес береді, өйткені емдеу барысында антибиотиктер қолданылған болуы мүмкін.
Есіл аудандық ветеринариялық станциясы директорының міндетін атқарушы Аманболат Жетекенов малдарға симптоматикалық ем тағайындалғанын айтады.
"Жалпы ауру анықталған 26 аула тіркелді. Алдын ала диагноз – стоматит. Ауырған 56 бас малдың барлығы бүгінде сауығып кетті. Біз аусыл ауруын жоққа шығарамыз. Өйткені аусыл кезінде міндетті түрде дене қызуы көтеріледі, ал мұндай белгі болған жоқ. Зертханалық тексеру нәтижесі де теріс шықты. Сонымен қатар Ильинка ауылдық округіндегі барлық мал аусылға қарсы толық вакцинацияланған. Сондықтан карантин енгізуге ешқандай негіз жоқ", – деді Аманболат Жетекенов.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз