СҚО-да 6 жастағы бала көлік айдап, екі баланың анасын мүгедек етті
Көлікті айдап кеткен алты жасар бала әйелді басып кетті. Жағажайда болған апат салдарынан Дарина Тюгумбаева мүгедек болып қалды. Келіншек баланың ата-анасын жазалауды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Апат 2020 жылдың шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінің жағасында болды. Дарина Тюгумбаеваны алты жастағы бала басқарған көлік басып кетті. Келіншек оқиғаға дейін демалушылардың бірі алты жастағы баласы көлікті еркін басқара алатынын айтып мақтанғанын естіген.
"Осыдан бірнеше минут өткен соң, артымызда тұрған машинаның іске қосылғанын естідім. 6 жасар бала көлік жүргізіп келе жатыр еді, ол машинаның рөлін қалай болса солай қозғаған. Біз әлі суға түсіп үлгермегенбіз. Басымды бұрып қараған кезде көлік бір метр жерде келе жатты. Мен де балаларым да көліктің астына түсіп кеттік. Мені дөңгелек басып кетті. Балалар дене жарақаттарын алды. Көліктің дөңгелектері аяғым мен жамбасымды жаншып кетті. 3-4 метр қашықтыққа дейін сүйреп кетті. Өліп бара жатырмын деп ойладым", - дейді Дарина Тюгумбаева.
Дәрігерлер 25 жастағы Даринаға жамбас сүйектерінің сынуы деген диагноз қойды. Екі ай бойы ол орнынан тұрға алған жоқ. Кейін оған II топтағы мүгедектік берілді. Апат кезінде балалар үш және бір жаста болған.
"Кінәлі тарап тіпті адам сияқты кешірім сұраған жоқ. Моральдық және материалдық көмек туралы тіпті айтудың өзі қиын. Мен әділеттілікті қалаймын! Ата-анасы сот алдында балаларының әрекеті үшін жауап беруі керек. Олар балаларына көлікті басқаруға рұқсат бергені үшін жазалансын", - дейді ол.