Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сіздер үшін ән айтудан жалықпаймын": KeshYOU концертіне қатысудан бас тартқан Мөлдір Әуелбекова қазақстандықтарға үн қатты

Мөлдір Әуелбекова
Фото: nstagram.com/moldir.auyelbekova

Қазақстандық әнші, KeshYOU тобының бұрынғы солисі Мөлдір Әуелбекова қазақстандықтарға қолдауы үшін алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында сахнада өнер көрсетіп тұрған сәтінен кадрлар жариялап, жазбасында қазақ халқының кең пейілі мен өнерге деген құрметін ерекше атап өтті.

Қазақтың пейіліндей пейіл жоқ шығар, сірә. Қазақтың ұлылығы байлығында емес, жүрегінің кеңдігінде. Сол кең пейілдің арқасында барлық өнер адамы шалқып өмір сүріп жүр. Өйткені қазақ халқы өнерді де, өнер иесін де әрдайым төбесіне көтерген. Осындай кең жүректі, мейірімді, жомарт халқым барда біз әрдайым баймыз. Бар жақсылығын үнсіз жасайтын халқымның алдында басымды иемін. Сіздерге ән арнаудан ешқашан жалықпаймын. Шіркін-ай, шіркін-ай, кең пейіл жұртым ай. Рақмет саған, халқым”, – деп жазды Мөлдір.

Желі қолданушылары әншіге қолдау білдіріп, жылы пікірлер қалдырды.

“Мөлдір, ешкімге мән бермеңіз, сіз мықтысыз! Дауысыңыз керемет!”, “Сіз туралы айтылып жатса, демек, елдің қызығушылығы бар. Тек алға!”, “Нағыз талант”, – деп жазды жанкүйерлері.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.

“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Ал Баян Алагөзова оның бұл шешімін сатқындық деп бағалады. Продюсер ашуын жасыра алмай, Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.

“Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 пайыз күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік”, – деді продюсер.

Баян Алагөзованы ең қатты Мөлдір Әуелбекованың концерт процесі жүріп жатқан кезде біржақты шешім қабылдап, алдын ала жеке хабарлама жазбай, көпшілік алдында концертке қатыспайтынын жариялағаны ренжіткен.

Осыдан кейін КешYou тобының мерейтойлық концертінен кейінгі After party-де блогер Нұрлан Әлімходжаев Баян Алагөзоваға “Моля, не нервируй меня! Ұстазым!” деген жазуы бар жеңсіз көйлек сыйлаған. Продюсер бұл сөзді видеоға қарап қайталап, Мөлдір Әуелбековаға қатысты әзілдеген. Кадрда басқа шоу-бизнес өкілдерінің де күліп тұрғаны көрінеді. Кейін бұл видео желіде тарап, көпшілік оны орынсыз қалжың әрі буллинг деп сынады.

Желі қолданушылары: “Мөлдірді қолдайтын халқы бар”, “Қазақтың қыздары саған ойыншық па еді?”, “Недеген буллинг мынау?”, “Сіздерге де жақсы бір бойкот керек-ау шамасы”, “Әдемі кештің артын осылай түсіргені өкінішті” деп пікір қалдырған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 13:44