Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қара тізімнен шығарсын деп айт": Бишімбаев үй қызметшісі арқылы Нүкенованы аңдыған

Судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевтың телефонын тексергенде марқұм Салтанат Нүкенованың үй қызметкері болған Жеңіскүл есімді әйелмен хат-хабарын оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тікелей эфирден скриншот

2023 жылдың 18 сәуірінде әйел Бишімбаевқа "Мен ертең кешке келіп, Салтанаттың заттарын жинап, алып кетсем, бола ма? Рұқсат бересіз бе?", – деп жазған.

Бишімбаев теріс жауап беріп, "араласпа" деген.

2023 жылдың 5 қазанында әйел Бишімбаевқа Нүкенованың жалға алған пәтерінің мекенжайын, сондай-ақ құлыптың кодын жіберген. Бишімбаев Жеңіскүлден Нүкенова мас па деп және үй қызметкері оған қаншалықты жиі келетінін сұраған. Ол Нүкеноваға барып, Бишімбаев жібергенін айтуды да өтініпті. Әйел Нүкенова шақырғанда ғана баратынын түсіндірді.

16 қазанда Бишімбаев Нүкенованың жағдайын білу үшін әйелге тағы да жазған.

"Жеңіскүл, қалайсың? Оған мені қара тізімнен шығарсын деп айт", – деді Бишімбаев аудиожазбада.

Үй қызметшісі Салтанат Нүкенованың сау екенін түсіндірді.

"Сіз үй қызметшісіне әйеліңізді бақыласын дедіңіз бе, ол сізді неге қара тізімге салды? Сіз оны аңдыдыңыз ба? – деп сұрады заңгер Жанна Оразбақова.

Сотталушы Салтанат Нүкенованы аңдымағанын айтты. Ол қазан айында Нүкеновамен уақытша ажырасқаннан кейін де үй қызметкері арқылы оған "қамқор болуға" тырысқанын айтты.

Бұған дейін Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың WhatsApp арқылы сөйлескен хаттарының скриндері оқылды. Онда Салтанат Бишімбаевтан үйге қайта оралуын сұраған.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау