Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте лифтіде қорлық көрген әйел жүкті болып шықты: Ол тергеудің әділ жүріп жатқанына күмән келтірді

Шымкентте кішкентай сәбиімен лифтіде зорлыққа ұшырай жаздаған келіншектің аяғы ауыр болып шықты. Алайда бұл жайт зорлықшының арам ойын іске асырудан тоқтатпаған. Ал оқиғадан кейін қатты қорқып қалған келіншектің тергеуге көңілі толмай отыр, деп хабарлады 7-арнаның "Айбат" жаңалықтар қызметі. 

"Үнемі қорқып, абыржып жүремін", – дейді бойын үрей билеген Надежда. 

Айтуынша, ол күдіктіге аяғының ауыр екенін ескерткен. Алайда әйелді қылқындырған ер адамды бұл жайт тоқтатпаған. Надежда "қашып құтылмасам, ол мені зорлайтын еді" деген сенімде. Оқиғадан бері қанша күн өтсе де, құзырлы органдар келіншекті сараптама жасауға шақырмаған. Осы себепті де әйел тергеудің әділ жүріп жатқанына күмәнмен қарап отыр. 

"Тергеушілер сараптамаға шақырамыз деген еді. Бірақ одан әлі хабар жоқ. Туыстары хабарласып, "кешірім бер" деп жатыр. Бірақ мен кешіре алмаймын. Ол мені зорлауға не өлтіруге оқталды. Мен оның тезірек тиісті жазасын алғанын көргім келеді", – дейді жәбірленуші.



Ал полицейлердің айтуынша, күдікті тергеу изоляторында жатыр. Жақында ғана әскерден келген 22 жастағы жігіт әзірге жұмыссыз жүрген. Қашып бара жатқан жерінен ұсталған ол берген жауабында "зорлайтын ойым болмады" деп ақталған.

"Ол зорлау мақсатында емес, жәбірленушінің қолындағы телефонын көріп қызығып, соның алу мақсатында сондай әрекеттерге барғанын айтты. Дүкеннен шығып келе жатқан жәбірленушіні, оның қолындағы ұялы телефонды көріп, соны күш қолдану арқылы ашық түрде тартып алу әрекетін жасамақшы болып шешкен", – дейді Шымкент қаласы ПД Қаратау аудандық бөлім бастығының орынбасары Аянхан Омаров. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде ер адамның балалы әйелге шабуыл жасағаны түсіп қалған видео тараған еді. 

Талқылау