Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Кореяда Париж Олимпиадасының жүлдегерлері шетелдік спортшылармен селфи жасағаны үшін жазаланбақ

Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын солтүстіккореялық спортшылар еліне қайтқан соң идеологиялық тексерістен өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily NK басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Yonhap News

Пхеньяндағы аты-жөнін атамауды өтінген жоғары лауазымды дереккөз басылымға берген сұхбатында Солтүстік Корея Олимпиада комитетінің спортшылары мен мүшелері 15 тамызда үйлеріне оралғаннан кейін Пхеньянда идеологиялық сынақтан өткенін айтты.

Солтүстік Кореяда халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылардың үш кезеңді тексеруден өтеді. Бұл бағалауды Солтүстік Кореяның Еңбек партиясы орталық комитеті, дене шынықтыру және спорт министрлігі жүргізеді.

"Тексеру спортшылар елге оралған сәттен басталады. Олар тезірек идеологиясын "тазартуы" керек", – дейді дереккөз.

Тексеру барысында спортшылардың елден кеткен сәттен оралғанға дейінгі мінез-құлқы идеологиялық тұрғыдан зерттеледі. Шенеуніктер партия нұсқауларына немесе үгіт-насихаттарына қайшы келетін кез келген мінез-құлықты анықтауға тырысады және кез келген проблемалық мінез-құлыққа жаза қолданылады.

Париж Олимпиадасына барар алдында спортшыларға кез келген шетелдік спортшылармен, соның ішінде оңтүстік кореялықтармен байланысуға тыйым салынды. Бұл тыйымды бұзған спортшыларға жаза қарастырылған.

Daily NK дереккөзінің хабарлауынша, партия шенеуніктеріне Олимпиада ойындарында аралас жұптық категорияда өнер көрсеткен үстел теннисшілері Ри Джон Сик пен Ким Кум Ёнға теріс идеологиялық баға берілгені туралы хабарлама келіп түскен. Бұл спорт түрінен күміс жүлдеге қол жеткізген Ри мен Ким Олимпиада ойындарында оңтүстіккореялық және қытайлық қарсыластарымен селфиге түсіп, әлем назарына ілікті.

Ри мен Кимнің оңтүстіккореялық қола жүлдегерлер Лим Джун Хун мен Шин Ю-бинмен және қытайлық алтын медаль иегерлері Ван Чуцин мен Сун Иншамен тұғырда селфи жасаған көріністі Солтүстік Корея шенеуніктері спортшылар үшін ауыр зардаптарға әкелетін қате деп санайды. Баяндамада Солтүстік Корея билігі елдің бірінші жауы деп атаған Оңтүстік Кореядан келген спортшылардың қасында Ри мен Кимнің "күлімсіреп" тұрғаны сынға алынды. Солтүстік Корея билігі Ким мен Риге қандай жаза беретіні әзірге белгісіз.

Талқылау