Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8 наурызды посткеңес елдерде ғана қыздарға гүл беріп, атап өтеді": Шетелде мансап құрған қазақ қыздары қызметі, өмірі және қазақ әйелі туралы

Бүгінде қазақтың білімді әрі тәжірибелі маман қыздары түрлі елдерде, танымал компанияларда қызмет етіп, мансап құрып жүр. Бірі әлемде интернет қолжетімді болсын деп еңбек етіп жүрген маман, енді бірі әлі де өзін түрлі салада сынап көріп жүрген қызметкер, ал үшіншісі отбасымен шетелге көшкен дәрігер. Stan.kz ақпарат агенттігі 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күнінде шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақ қыздармен сұхбаттасып, олардың мансап, 8 наурыз және қазақ әйелі туралы ойларын білді.

Коллаж: Stan.kzКоллаж: Stan.kz

Гүлназ Қордан, цифрлық теңдік саласының маманы, Америка

Гүлназ Қордан Қазақстанда Connect-Ed жобасын ашып, ауылдағы балаларға компьютер жеткізумен және цифрлық сауат сабақтарын өткізумен айналысып келеді. Кейін Гарвардта оқып, филантропия саласында білімін жетілдіру үшін АҚШ-қа аттанды. Ол – бүгінде Американың Internet society foundation қорында бағдарлама менеджері.

"Қызметімді бір сөзбен сипаттап беру қиынырақ, бірақ жалпы компаниямыздың серіктестері – грантерлармен жұмыс істеймін. Негізгі қызметіміз – интернет теңсіздігін шешу, яғни әлемдегі түрлі қоғамдық қорларға интернетке қатысты теңсіздікті жою, интернет мәселесін шешу үшін грант береміз. Мен осы компаниялармен қарым-қатынас орнатамын, келісемін. Жұмысым онлайн болғандықтан кез келген жерден істей беремін. Қазір түрлі бағыттағы қоғамдық қорлармен байланыс орнатамын. Серіктестерімізбен тікелей кездесіп, олардың жұмысымен танысу — менің ең сүйікті бөлігім! Еңбегіміздің нақты әсерін өз көзіммен көріп, қоғамдастықтарды түсініп, грант алушылармен шынайы байланыс орнатуға ештеңе жетпейді. Әрине, жұмыстың қиын тұстары да бар. Серіктестеріміздің осы қиындықтарды жеңуіне көмектесу үшін еңбек ете бетеміз. Осындай сәттер маған ісіміздің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Интернет пен цифрлық инклюзияның күшін көріп, күн сайын осы салада жұмыс істеп жүргеніме қуанамын.”, – дейді ол.

Сөзінше, филантропия мәселесі, тек ақша бөлумен шектелмейді. Бұл жерде үлкен кешенді жұмыс бар. Сол үшін де Гүлназ биыл Африкаға қызмет бабымен барайын деп отыр. Онда ол компания серіктестерінің жұмысын тексереді.

“Бүкіл процесті осы салада жұмыс істеп қана түсініп, үйренуге болады. Филантропия саласы Қазақстанда онша дами қоймаған, ал АҚШ-та бұрыннан бар. Екіншіден, мен Қазақстанда Connect-Ed жобасын жасап, грантқа өтініш беріп, тәжірибе жинадым. Енді осы гранттар арғы жақтан қалай берілетінін, процесс қалай болатынын көргім келді. Олардың философиясы қандай, не іздейді, қандай сәйкестік болу керек деген сұрақтарға жауап алып, тәжірибе жинауға келдім. Елге қайту жағын уақыт өте көре жатармыз. Әлі қанша тәжірибе жинауым керек, оның үстіне Қазақстандағы жағдайға қараймыз. Филантропия саласы өте қызық, сондықтан бұл салада әлі біраз жұмыс істейтін ойым бар. Болашақта білім саласына бағытталған жүйеде қызмет еткім келеді”, – дейді маман.

Гүлназ Қордан жалақымызды доллармен айтқанда қазақстандықтар үшін көп болып көрінуі мүмкін дейді. Дегенмен АҚШ-тағы өмірді, Бостондағы қымбатшылықты ескергенде орташа жеткілікті деп бағалады. Ол қазақ қыздары қайда жүрсе де, арманына жетіп, бақытты болса екен деген тілегін жеткізді.

Гүлназ Қордан. Фото жеке архивінен

“Қазақ қызы мен үшін мынандай деп нақты айтып, түсінік қалыптастырғым келмейді. Әркімнің өз стандарттары бар. Кім болса да, қандай қыз болса да, бақытты болып, арман-мақсатын жүзеге асырып жүрсе болды. 8 наурызда посткеңес елдерде ғана қыздарға гүл, сыйлық беріп, ерекше құрметтеп атап өтетін сияқты. Шетелде бұл күннің тарихи маңызы бар. Жалпы наурыз айын Women history month деп атайды. Осы айда әйелге қатысты, оның құқықтары туралы тақырыптарды қозғап, түрлі шаралар өтеді. Қазақстандағыдай гүлдермен бір күнді ғана атап өтпейді. Дегенмен мен 8 наурызда үйдегілерді, туыстарымды құттықтаймын”, – дейді Гүлназ Қордан.

Жансая Үмбетқызы, дәрігер, Австрия

Жансая Үмбетқызы – Австрияда жұмыс істейтін отбасы дәрігері. Жолдасы екеуі Венада тұрады. Екеуі де сонда резидентура оқып жүр.

“Медицинаны Түркияда оқыдым. Оқуды аяқтаған соң Австрияға келдік. Мақсатымыз сапалы білім алу, жақсы тәжірибе жинау, кәсіпқой мамандардан үйрену, бәрін өз көзімізбен көріп, дағдылану, ең дұрысын, ең жақсысын алу болды. Түркияның медицинасы керемет, Австрияда да бәрі жоғары деңгейде, мол мүмкіндік жасалған. Конференция, жұмыс, тәжірибе, барлық жағынан өсуге жағдай бар. Іштей мамандығыңа, жұмысыңа деген ешқандай күмән қалмайды. Осыған дейін екі жыл Мистельбах-ан-дер-Цайя қаласында тұрдық, үлкен ауруханасында жұмыс істедік, тәжірибе жинадық. Енді Венаның жақсы аудандарының бірі 10-аудандағы ауруханаға ауысып жатырмын. Қазақстаннан айырмашылығы, Австрияда резидентура оқу болып есептелсе де, толықтай жұмыс, жалақы, жауапкершілік беріледі. Елімізге қарағанда толық дәрігер болып саналамыз”, – дейді ол.

Ол жалақыны істеген күндеріне, атқарған жұмысына қарай алады екен. Одан бөлек жылына екі рет екі еселенген жалақы төленеді. Әлі резидентураны аяқтап, сол жақтан біраз тәжірибе жинағысы келетінін айтты.

“Демалыс күндері жұмыста болса немесе жұмыс күндері түнгі ауысымға шықса, соған сай азырақ немесе көбірек алуға мүмкіндік бар. Салықтарды алып тастағанда қолымызға 3800-4000 еуро (2,1 миллион теңге) аламыз. Бұдан бөлек жылына 2 рет демалыс ақшасы деп екі есе айлық беріледі. Дәл қазір қайтқымыз келсе де қайта алмаймыз, резидентураны бітіруіміз керек. Біраз тәжірибе жинағымыз да келеді. Екінші жағынан баламыз да, өзіміз де немісше үйреніп, жалпы жүйеге де дағдыланып кеттік. Болашақта елге барып жұмыс істейміз деп ойлаймын, бірақ әзір емес”, – дейді Жансая.

Дәрігер Қазақстандағы Денсаулық сақтау саласына қатысты проблемаларға алаңдайтынын айтты. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді қойғанда, жақсы, сапалы қызмет ете алу үшін дұрыс жүйе қалыптастыру керек дейді ол.

"Қазақстандағы Денсаулық сақтау саласына, медицинаны оқытатын оқу орындарына қатысты сұрақтар көп. Жолдасымның әпкесі, қарындасы елде осы салада жұмыс істейді, содан сырттай естимін, білемін. Елдегі дәрігерлер 6-7 жыл оқиды, одан соң 3 жыл резидентурадағы жұмысы ақылы болады. Кезекшілігі, жауапкершілігі көп, бірақ соған сай жалақы берілмейді. Осыдан да Қазақстандағы біраз дәрігерлер ұзақ жыл оқыған мамандығын тастап кетіп жатыр. Оқуын аяқтап дәрігер боламын дегенше 30 жастан асады. Ал ол кезде отбасы, бала-шағасы болады. Сондықтан оларға қиын деп ойлаймын. Ақша дегеніміз қуат, ресурс қой. Ал бір мамандыққа берілу, жақсы жұмыс істеу ресурсты талап етеді. Соған сай жалақы мен уақыт жеткілікті болуы керек. Қазақстандағы жүйе осылай әрі қарай жалғаса берсе, сапалы түрде жақсы жұмыс істеу бара-бара мүмкін болмайды деп ойлаймын. Жақсы мамандарды байқап, елеп-ескеріп, қалыптасқан жүйені өзгерту керек”, – дейді ол.

Жансая Үмбетқызы. Фото жеке архивіненЖансая Үмбетқызы. Фото жеке архивінен

Болашақта жолдасы екеуі Қазақстаннан жеке емханаларын ашқысы келетінін айтты. 

“Қалыптасқан жүйені өзгертуге үлес қоссақ, дәрігерлерге мүмкіндік жасап, жақсы жалақы төлеп, білім алып, тәжірибе жинауына себепкер болғым келеді. Жалпы дәрігерлік оңай сала емес, жауапкершілігі мол әрі өзіңді күнделікті дамытып, жетіліп отыруың керек. Оның үстіне әңгіме адам өмірі, денсаулығы туралы. Сондықтан осы мамандықты таңдап, оқып, еңбек етіп жүрген, шетел асып, тәжірибе жинап жүрген адамдарды ерекше құрметтеймін, мақтан етемін”, – дейді дәрігер.

Жансая Үмбетқызы сөз соңында қазақ әйелі туралы ойын бөлісті.

“Қазақ қыздары өте ақылды, мықты, пысық. Қолынан барлығы келеді. Біздің қыздар әрі сұлу болып, әрі бір қолымен бесікті де тербетіп, жұмыс істеп, білім алып жан-жақты болып жүреді. Алыс-жақын шетелге барып, өзін сынап, дамытып жүрген қыз-жігіттерді білемін. Бір елден басқа елге көшу, сол елдің тілін меңгеру, сондағы қоғам мен мәдениетке үйрену деген оңай нәрсе емес. Сондықтан мұндай кезде оларды тек қолдау керек деп ойлаймын. Дамысын, өссін дейік, демеп жіберейік. Ал биылғы 8 наурыз мерекесін Австриядағы қазақ қыздары болып атап өтетін шығармыз. Өзіміздің ортамыздағы адамдар жиналып, жақсы көңіл-күй жасаймыз деп ойлаймын”, – дейді Жансая Үмбетқызы.

Айгерім Төлеуханова, қаржыгер, Чехия

Айгерім Төлеуханова Чехияның Прага қаласында Неміс инвестициялық банкінде жұмыс істейді. Ресми лауазымы – қаржылық қызмет жөніндегі маман (Senior Associate Financial Service Officer).

"Өзімді түрлі салада сынап көргім келді. Бұрын таныс болмаған жаңа салаларда дағдыларымды жетілдіріп, жан-жақты болсам деймін. Содан төрт жылда 3 жұмыс орнын ауыстырдым. Бұған дейін нарықты зерттеумен (market research) айналыстым және кәсіби өмірімнің көп бөлігінде журналист болып істедім. Ал екі жылдан бері қаржы саласында еңбек етіп келемін. Маған жұмыс ұсынды, сондықтан Прагаға көштім. Меніңше, бұл жақсы тәжірибе болады. Жиналған дағдыларым кейін әртүрлі жерлерден жұмыс таба алуыма көмектеседі деп ойлаймын. Сондықтан мен тек өзім оқыған немесе тәжірибем бар мамандықпен шектелмеймін", – дейді Айгерім.

Сөзінше, қазір Қазақстандағыдай көлемде жалақы алмайды. Бірақ мұндай жолды жақсы тәжірибе болады деп есептейді.

"Қазақстанда қазір тапқанымнан көп жалақы алдым дер едім. Бірақ бұл таңдаған сала мен тәжірибемізге байланысты. Кейбір жұмыстарда көп, кейбіреуінде аз таптым. Егер жалақысы аз болса, таңдаған жұмысымды кем дегенде қызықтыратын салаға айналдыру үшін тәжірибе жинаймын. Қазір қаржыға қатысты жағдайым осындай", – деп бөлісті ол.

Ол Қазақстанға қалаған кезімде қайтамын дейді. Дегенмен қайтып барғанда өз мәдениетім мен қоғамыма сыймай кетемін деп те ойланады.

"Әрине, қалаған кезде Қазақстанға қайтамын. Өмірде немен айналысқым келетінін қайда тұрғым келетінімді қазір ойлап жүрген жоқпын. Өзіме не ұнайтынын зерттеп жүрмін. Жақсы жалақы болса, Қазақстанда өмір сүрген ыңғайлы. Бірақ кемшіліктері де бар. Шетелдегі өмір алғашқы бірнеше жыл қиын болуы мүмкін, сол уақыт өткен соң оңайырақ бола бастайды. Бірақ ешқашан өзіңізді үйде жүргендей сезінбейсіз. Ал Қазақстанға қайтып барғанда өзгеріп кеткеніңізді, өз мәдениетіңіз бен қоғамыңызға толық "сай келмейтініңізді" сезесіз. Ал мен шынайы өзіме жақындататын әрі маған қуаныш сыйлайтын кез келген мүмкіндіктерге ашықпын", – дейді Айгерім Төлеуханова.

Айгерім Төлеуханова. Фото жеке архивіненАйгерім Төлеуханова. Фото жеке архивінен

Айгерім "Қазақ әйелі" дегенде Жанар Секербаеваның сөзін еске түсіретінін айтты.

"Мен үшін қазақ қызы, қазақ әйелі – күш, даналық, сұлулық. Біздің әйелдер қатал және жұмсақ, өршіл. Бар мейірімі мен күшін үйіне, отбасына, балаларына бағыттаған. Ол құдіретті әрі сұлу. “Сонымен қатар біздің қыздар, әйелдер – қоғамымызды жақсартуға жетелейтін саяси күш". Бұл – бір жыл бұрын Салтанат митингісінде наразылық білдіргені үшін 10 тәулікке қамалған Жанар Секербаева туралы жазба", – деп ой қосты ол.

Айтуынша, Еуропа 8 наурызды қыз-келіншектерге гүл, сыйлық беріп тойламайды. Бұл күні әйелдер үшін маңызды тақырыптар қозғалады.

"Шетелде 8 наурызды тойламайды, бұл – әдеттегі жұмыс күні. Гүлдер де өте сирек кездеседі. Алайда әйелдердің құқығы мен теңдігіне қатысты шаралар көп өтеді. 8 наурыз – негізі әйелдердің құқығын қорғау күні. 100 жыл бұрын әйелдердің өз банк шоты болуы, мүлік сатып алуы, күйеуінсіз дауыс беру мүмкіндігі болмады. Осыны қазір көп адам білмейді. Әйелдер экономикалық, саяси, әлеуметтік тәуелділікте өмір сүрді. Суфражистердің (әйелге сайлау құқығын беруді талап еткен қозғалыс мүшелері) арқасында әйелдер саяси және экономикалық құқықтарға ие болды. Енді, зерттеуге қарасақ, қазіргі әйел инвесторлар өз ақшасын әлеуметтік жобаларға салады, қоғамға үлкен үлес қосып келеді. 8 наурыз әйелдердің құқығын елеусіз қалдыруға болмайтынын және ерлермен бірге шынайы серіктестікке, сенімге, теңдікке дейін әлі ұзақ жол бар екенін еске салады", – деп түйіндеді Айгерім.

 

Талқылау