Тегін косметика үшін ұзын-сонар кезек: Астанадағы акцияның ұйымдастырушысы жауапкершілікке тартылды
Астанада Coffee Boom кофеханасының алдында адамдардың жаппай жиналуына себеп болған акцияны ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы Coffee Boom кофеханаларының бірінің алдында Sen Sulu брендімен бірлескен акцияға байланысты ұзын-сонар кезек пайда болған. Кезегін күтіп тұрған жүздеген адамның видеосы әлеуметтік желілерде тез тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті.
Акция аясында арнайы сусын сатып алғандарға шағын ерінге арналған жылтыр далап сыйға берілетіні айтылған. Алайда сұраныстың жоғары болуына байланысты сыйлықтар барлық келушіге жетпеген.
Астана қалалық полиция департаменті аталмыш дерек бойынша тексеру жүргізіліп, акцияны ұйымдастырушы жаппай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
"Жаппай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты уәкілетті органдар заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция өкілдері адамдардың өздігінен жаппай жиналуына әкелуі мүмкін кез келген іс-шара жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісуді талап ететінін еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Sen Sulu қазақстандық косметикалық бренді жарнамалық видеоға ресейлік блогер Валя Карнавалды түсіргеннен кейін сынға ұшырағаны туралы жазған едік. Бренд елдің сынынан кейін Валя Карнавалмен түсірілген жарнаманы алып тастады.
