Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей орманындағы өрт: Тірідей жанып кеткен 14 адамның туыстары тергеуге наразы

Абай облысындағы орман өртінде тірідей жанып кеткен 14 адамның туыстары бес айы бойы жүргізілген тергеу амалдарына көңілі толмай отыр. Себебі 60 мың гектар аумақты шарпыған тілсіз жауға тек екі адамның кінәлі болуы мүмкін емес дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Абай облысында 14 адамының өмірін алған алапат өртке қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы тыңдалымға жәбірленуші тарап толық келді. Дегенмен олар екі адамының ғана жауапқа тартылып жатқанына наразы.

Сот отырысына туғандарын жоғалтқандардың барлығы келген. Бес айға созылған тергеу амалдарының аяқталуын асыға күттік, дейді олар. Алайда жәбірленуші тараптың тергеу жұмысына көңілі толмай отыр.

Солардың бірі – Дәмелі Байбазарова. Жалғыз ұлы Серікжан Тоқтасын 27 жасында тірідей жанып кетті. Марқұм Мейрамгүл Жиенбаева екеуін сынып тұрған жеңіл көлікпен тілсіз жаудың ошағына жіберген жауаптылар жазадан құтылды дейді.

"Күдікті ретінде екі адамды ғана ұстап отыр. 15 адам өртеніп кетті. Көз алдыңа елестетіңдерші, балаларыңның тірідей жанып жатқанын. Сұмдық! Осы заң дұрыс па? Басқалары қайда?” – дейді Серікжан Тоқтасынның анасы Дәмелі Байбазарова.

Жәбірленушілер қарапайым орманшылардан бөлек, экология министрлігіндегі жауаптыларды да жазаға тартуды сұрауда. Себебі бүгінгі сотта тек Семей орманы резерватының екі лауазымды қызметкері ғана жауап беріп жатыр. Олар екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген баппен айыпты деп танылған. Бірақ бүгінгі сот басталмай жатып кейінге шегерілді.

Айыпталушылар үйқамақта отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Абай облысындағы орман өрті биыл 8 маусымда тұтанған. Бір апта бойы ырық бермеген қызыл жалын 60 мың гектар қарағайлы алқапты күлге айналдырды. Алғаш болып тілсіз жауды жалаң қолмен ауыздықтауға аттанған 14 орманшы қаза тапты. Кейін Бесқарағай ауданынан өрт сөндіруге келген тракторшы да тірідей жанып кетті.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Абай облысындағы “Семей орманы” резерваты аумағындағы өрттің себебі анықталғанын мәлімдеді. 

Талқылау