Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сақадай сай болған жөн": Тоқаев қазақстандықтарды коронавирустан келетін қауіптерге дайын болуға шақырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты экономикадағы жағдайды дамытудың аса күрделі ахуалына дайын болуға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Нұр-Сұлтанның шетіндегі блок-бекеттердің бірін тексеру барысында Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-Министр Асқар Маминге  аса қолайсыз әлемдік конъюктура жағдайында экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.

"Кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға, сондай-ақ, экономиканы мобилизациялайтын қадамға да әзір болуымыз керек. Қысқасы, сақадай сай болған жөн", - деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті,сондай-ақ, қорғаныс министрлігінің, ІІМ әскери қызметшілеріне, басқа да ведомстволардың қызметкерлеріне табыс тілеп, карантин енгізудің себептерін түсіндірді.

"Қазіргі жағдайда карантин енгізбесе болмайды. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Мұндай кезде нақты әрекет жасап, ұйымшылдық таныту керек. Сондықтан карантин енгізу сияқты тәсілдерді қолдануға тура келеді. Азаматтарымыз қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Мұның бәрі халқымыздың денсаулығын сақтау үшін істеліп отыр", – деді Тоқаев.

Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 44 адамға жетті. Оның ішінде Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25 адам.

Талқылау