Қылмыстық топ қазақстандықтардың атына 2 миллиард теңгеге несие рәсімдеп тастаған

Көкшетауда қазақстандықтардың атына заңсыз 2 миллиард теңге көлемінде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық топ 2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанның дерлік барлық өңірінде әрекет еткен.
Алаяқтардың құрбандары негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, алкогольге немесе есірткіге тәуелді адамдар болған. Олар жұмыссыздар мен баспанасыздарды уақытша тұратын жерге орналастырып, жалған түрде жұмысқа тұрғызған. Осылайша банктер зейнетақы аударымдарын тексеріп, олардың атына несие берген. Несие қаражаты алынғаннан кейін жәбірленушілерді өз бетімен жібере салған.
Бес жыл ішінде қылмыстық іс бойынша 200-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелген. Сотталушылар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтқан.
Олардың қатарында Алматы және Ақмола облыстарының, Петропавл, Көкшетау, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары бар. Қылмыстық топтың 22-ші мүшесі әлі күнге дейін іздеуде.
Сотталғандардың бірнеше элиталық көлігі мен Алматыдағы бірнеше пәтері тәркіленді. Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатардағы мүшелері 5 жылдан 8 жылға дейін, ал топ жетекшілері, соның ішінде ұйымдастырушысы да 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Судья Ибрагим Әлкеновтің шешімімен, Рахметовтың мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Бұған дейін алаяқтардың ақшасын өз шоттарынан өткізген 33 дропперлік топ ұсталған еді. Дропперлердің банк шоттары арқылы жалпы сомасы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржы операциялары жүргізілген. Соңғы екі айдың өзінде 1000-нан астам дроп-карта бұғатталды.
Оқыңыз