Қазақстандықтарға көшедегі күдікті QR-кодтарға қатысты ескерту жасалды

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алаяқтар жалған QR-кодтар арқылы алдаудың жаңа схемасын қолдана бастағанын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, алаяқтар жалған QR-кодтарды автобус аялдамаларына, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жарнама стендтеріне және басқа да қоғамдық орындарға жабыстырады.
"Көшелерде, автобус аялдамаларында, тұрғын үйлердің кіреберістерінде немесе жарнама стендтерінде орналастырылған QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет. Алаяқтар түпнұсқа QR-кодтардың үстіне жалған кодтарды жапсырып, пайдаланушыларды қауіпті сайттарға бағыттауы мүмкін", – делінген хабарламада.
Мұндай сілтемелердің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін екені атап өтілді. Атап айтқанда, алаяқтар азаматтардың жеке деректерін немесе банк карталарының реквизиттерін алуға тырысады. Көп жағдайда адамдар төлемді дұрыс жасап жатырмыз деп ойлайды, алайда қаражат алаяқтардың шоттарына түседі.
Күдікті QR-кодтардың негізгі белгілері:
- QR-кодтың басқа жарнама немесе хабарландырудың үстіне жапсырылған болуы;
- хабарландырудың ресми емес түрде рәсімделуі;
- "Сыйлық ұтып алыңыз", "Тек бүгін", "Шұғыл оқытыңыз" сияқты жедел әрекетке итермелейтін шақырулардың қолданылуы;
- ұйым атауы немесе байланыс деректерінің көрсетілмеуі.
Алаяқтардан қорғану үшін полиция азаматтарға белгісіз QR-кодтарды қажетсіз жағдайда сканерлемеуді, сілтеме бойынша өтпес бұрын сайттың мекенжайын мұқият тексеруді, сондай-ақ күдікті сайттарға жеке деректерді, банк карталарының реквизиттерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеуді ұсынады.
"Белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз және оларға қосымша рұқсаттар бермеңіз. Төлем жасау кезінде QR-кодтың ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізіңіз", – делінген ІІМ хабарламасында.
Ал күдікті QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректерді енгізіп қойған жағдайда, дереу банкке хабарласып, банк картасын бұғаттау қажет.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк қазақстандықтарға жаңа алаяқтық түрлеріне қатысты ескерту жасаған еді. Ұлттық банк мәліметінше, қазір жиі кездесетін тәсілдің бірі алаяқтардың "шұғыл қоңырау шалуым керек еді" деген сылтаумен көшедегі адамның ұялы телефонын сұрап алу болса, тағы бір кең тараған түрі – көшеде "тегін фото немесе видео түсіріп беремін" деген ұсыныстар.
Оқыңыз