Мобильді аударымдардың тексерілуі: Қазақстандықтар қандай жағдайларда бақылауға алынады

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мобильді аударымдарды бақылау тәртібін түсіндіріп, қазақстандықтардың салық салу және ықтимал тәуекелдерге қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке тұлғалардың аударымдары туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына тек бірнеше шарт бір уақытта орындалған жағдайда ғана беріледі:
-
қаражат 100 және одан да көп түрлі жіберушіден түссе;
-
бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса;
- жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асып түссе (12 ЕТЖ – 1 020 000 теңге).
Бұл талаптар тек жеке мақсатқа арналған, кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға жасалған аударымдарға қатысты.
Комитет мәліметінше, егер адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса да, бірақ төлемдерді жеке шотына қабылдаса, ол да бақылауға алынуы мүмкін.
Бақылау екі кезеңге бөлінеді:
- Хабарлама жіберу – ол ақпараттық сипатта болады және жауап беруді талап етпейді.
- Камералдық бақылау — сәйкессіздіктер анықталған жағдайда хабарлама жіберіледі, оған 30 жұмыс күні ішінде жауап беру қажет.
ОқыңызАударымдардың өзіне салық салынбайды. Салық тек табысқа, аударымдар тауар, қызмет немесе орындалған жұмыстар үшін төлем ретінде алынған жағдайларда ғана салынады.
Салық салуға жатпайтын аударым түрлеріне:
- туыстар арасындағы аударымдар;
- сыйлықтар (тойға, туған күнге және т.б.);
- қаражат жинау, мысалы, мектепке немесе балабақшада ақша жинау;
- отбасы мүшелерінен тұрақты түрде көрсетілетін көмек.
Егер аударымдар тұрақты түрде көптеген адамдардан түсіп отырса, тауар сату немесе қызмет көрсетуімен байланысты болса, кәсіпкерлік қызмет ретінде танылуы мүмкін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл әрекет үшін айыппұл қарастырылған:
- бірінші бұзушылық үшін – 15 АЕК (64 875 теңге);
- бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 30 АЕК (129 750 теңге).
Салық органынан хабарлама алған жағдайда салық төлеуші декларация тапсырып, салықты төлеуі қажет немесе аударымдардың себебін растайтын құжаттармен бірге түсіндірме жолдауы керек.
Мұның бәрін онлайн түрде жеке кабинет арқылы жасауға болады, салық органдарына жеке бару талап етілмейді.
Еске салсақ, 2026 жылдың сәуірінде банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметін салық органдарына берген еді.