Қазақстандықтар көрші елдердің азаматтарына қарағанда медицинаға азырақ шығындалады — Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы медицинаға жұмсалатын шығын, қаржыландыру мен халыққа түсетін жүктемені Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметі бойынша, Қазақстан жүйелілік жағынан көшбасшылардың қатарында, себебі шығын мемлекет, сақтандыру және азаматтар арасында барынша тең бөлінген. Осылайша қазақстандықтар көрші ел тұрғындарына қарағанда медициналық көмек үшін аз төлейді, әрі жақсы сақтандырылған дейді.
Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес Орталық Азия елдерінің ішінде халыққа түсетін ең төмен жүктеме Қазақстанда – 30,3%. Қырғызстанда – 42%, Тәжікстанда – 62%, Өзбекстанда – 64%, ал Түрікменстанда пациенттер медициналық қызметке өз қалтасынан 77% жұмсайды.
Ал жан басына шаққандағы денсаулық сақтау шығындары бойынша Түрікменстан көш бастап тұр – 581 доллар (270 мың теңге). Қазақстан екінші орында – 576 доллар (276 мың теңге). Өзбекстанда – 192 доллар, Қырғызстанда – 97 доллар, ал Тәжікстанда – 85 доллар (40 мың теңге).
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесі
“Қазақстанда профилактикаға басымдық берілген. Тұрақты скринингтер ауруларды ерте кезеңде анықтап, оларды амбулаториялық деңгейде емдеуге мүмкіндік береді, бұл стационарларға түсетін жүктемені азайтады. Мұндай тәсіл тиімді, бірақ мемлекеттен тиісті шығындарды талап етеді – жан басына шаққанда 42 доллар (19 500 теңге), бұл көрші елдермен салыстырғанда бірнеше есе көп. Өзбекстанда – 10 доллар, Қырғызстан мен Тәжікстанда – шамамен 8 доллар”, – делінген хабарламада.
Медициналық сақтандыруға қатысты тәсілдер үш елде ұқсас. Қазақстанда қызметкер 2%, жұмыс беруші 3% төлейді. Қырғызстанда екі тарап та 2%-дан аударады. Түрікменстанда қызметкердің жарнасы – 3%, жұмыс берушінікі – 2%.
“Қазақстандағы жүктеменің бөлінуі жүйенің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Қырғызстанда жүйедегі қаржы көлемі аз болғандықтан, адамдар жиі өз қалтасынан төлейді, ал Түрікменстанда сақтандыру жүйесі толық жұмыс істемейді және азаматтар шығынның көп бөлігін өздері көтереді”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.
Өзбекстан мен Тәжікстанда сақтандыру жарналарының негізгі жүктемесін (12% әлеуметтік аударымдар мен 25% әлеуметтік салық есебінен) жұмыс беруші көтереді. Бұл халық табысына түсетін қысымды азайтқанымен, жүктемені бизнеске ауыстырады. Министрлік бұл елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлі де қалыптасу кезеңінде дейді.
“Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі – өңірдегі ең теңгерімді жүйе. Қаржы бюджеттен, медициналық сақтандыру қорынан және азаматтардың тікелей төлемдерінен түседі. Қаржыландырудың бірнеше көзі жеткілікті қаражат көлемін, демек жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы – азаматтар өз денсаулығын сақтау мен емделуге жеке қаражатынан аз жұмсайды”, – делінген ведомоство хабарламасында.
"Әкеңіз сізге керек болмаған соң, қайтыс болды": Қазақстандықтар психологтардан қалай зардап шеккендерін айтты
Оқыңыз