Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін көтеруді қолдайтынын айтты

ақша
Фото: Stan.kz

Ұлттық банк зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шегін арттыру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін бұл бастаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көтерген еді. Сенаттағы брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековаға осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды.

Оның айтуынша, қазір зейнетақы қорынан қаражат алу шектерін Ұлттық банк, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп талқылап жатыр.

“Біз жеткіліктілік шегін арттыруды қолдаймыз. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, азаматтардың болашақта зейнетке шыққанда қорғалуын қамтамасыз етеді. Зейнетақы активтерінің басты әлеуметтік маңызы – қартайғанда лайық зейнетақымен қамту”, – деді Молдабекова.

Әзірге шектердің нақты қалай өзгеретіні белгісіз. Мәселе талқылау кезеңінде екен. Ұлттық банк өкілі барлық ұсыныс шешім қабылданған соң жарияланатынын айтты.

Мән-жай

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мамырдан бастап зейнетақы жинағын алуға арналған шек көтерілуі мүмкін екені айтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, тиісті қаулы жобасы екі рет мемлекеттік органдардың келісуіне жіберілген. Алғашқы нұсқада жеткіліктілік шектерін болжамды инфляция деңгейіне сәйкес арттыру ұсынылған. Алайда басқа мемлекеттік органдар шектерді есептеудің баламалы әдісін ұсынып, оларды әртүрлі санаттар бойынша саралап көтеруді жөн көрген. Қазір министрлік сол ұсыныстарды күтіп отыр екен. Есептеулер дайын болған соң, бір нақты формула таңдалып, құжат қайтадан келісуге жолданады дейді.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 12:20