Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Еуропаның үздіктерімен бақ сынайды: AFC Allur негізіндегі құрама SOCCA Euro 2026-ға қатысады

 

Қазақстанның SOCCA шағын футбол құрамасы маңызды құрлықтық жарысқа — SOCCA Еуропа чемпионаты-2026-ға дайындалып жатыр. Турнир 20-24 мамыр аралығында Тиранада (Албания) өтеді. Жарысқа құрлықтың 28 ең мықты құрамасы қатысады. Қазақстанды Еуропаның жетекші командаларымен бақ сынау күтіп тұр. 

Ресми жеребе нәтижесі бойынша, AFC Allur негізінде жасақталған Қазақстан құрамасы G тобына түсті. Бұл топта олар Португалия, Латвия және Украина құрамаларымен ойнайды. Топтық кезеңнің өзінде-ақ біздің команданы жоғары деңгейдегі қарсыластармен шиеленісті және маңызды матчтар күтіп тұр.

Команда ел намысын қорғау құқығын Astana Futbol Ligasy аясында өткен Қазақстан Чемпиондар кубогының нәтижесі бойынша иеленді. Ал ұлттық құраманың AFC Allur клубы негізінде жасақталуы – клубтың тұрақты әрі жүйелі жұмысының және Қазақстандағы мини-футболда алдыңғы қатарда тұрғанының шын нәтижесі.

Қазақстандық автокөлік компаниясы Allur базасында құрылған AFC Allur командасы елдегі ең атақты әрі тәжірибелі әуесқой клубтардың бірі саналады және халықаралық деңгейде өзін сенімді түрде танытып келеді. Команданың қоржынында – 2023 және 2024 жылдары Испанияда өткен EFA Интерконтинентал Кубогының алтын және күміс медальдары, сондай-ақ 2024 және 2025 жылдардағы SOCCA клубтық әлем чемпионатының қола жүлделері бар. Бұл жетістіктер команданың дайындық деңгейінің жоғары екенін және халықаралық аренадағы үлкен амбициясын көрсетеді.

Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндіруші компаниялардың бірі – Allur спортты дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Ол кәсіби спортты да, аймақтық және жастар бастамаларын да қамтиды.

SOCCA Euro 2026 турниріне ұлттық құраманың қатысуы – елдің халықаралық беделін нығайтуға және мини-футболды кеңінен насихаттауға жасалған тағы бір қадам.

Қазақстан құрамасының матч кестесі мен қосымша мәліметтері жақын арада жарияланады.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 13:15