Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада өз-өзіне қол жұмсау үшін шатырға шыққан ер адам 10 тәулікке қамалды

жігіт шатырға шығып шошытқан
Фото: freepik.com

Астанада сүйіктісімен жанжалдасқан ер адам мас күйде тұрғын үй шатырының жиегіне шығып тұрғындарды шошытқан. Ол осы әркекеті үшін 10 күнге қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот деректерінше, оқиға 20 сәуірде болған. Н есімді азамат алкогольдік масаң күйде "Көркем-3" тұрғын үй кешенінің шатырына шыққан. Ол кейін шатыр жиегіне көтеріліп, қоғамдық тәртіпті бұзған.

“Ол көпқабатты тұрғын үйдің шатыр жиегінде тұрып, жалпыға ортақ тәртіп ережелерін елемеген. Өз өміріне қауіп төндіріп, айналасындағы адамдардың алаңдаушылығын туғызған. Осы әрекеті арқылы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамға айқын құрметсіздік танытқан”, – делінген хабарламада.

Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Ол қызбен жанжалдасқан соң сондай әрекетке барғанын және мас болғанын айтты.

“Сот қаулысымен Н Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігі (қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын ескерді. Атап айтқанда, Н қоғамдық орында әдейі көзге түсетін әрекет жасап, өз өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген, сондай-ақ айналасындағы адамдарды алаңдатқан. Тағайындалған жаза оның түзелуіне көмектесуге және болашақта жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған”, – делінген сот шешімінде.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 12:53