Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Улы заттар бөлініп жатыр": Жетісулықтар өңірде экологиялық жағдай ушығып тұрғанын айтып дабыл қақты

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында қоқыс полигондарының қараусыз қалуы экологиялық ахуалды ушықтырды. Жиі тұтанатын қоқыс үйінділерінің түтіні тұрғындардың тынысын тарылтып, денсаулыққа қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жетісу облысында экологиялық жағдай ушығып тұр. Аймақта қоқыс полигондары қараусыз қалып, жыл бойы өртенетін үйінділер тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Экологтар заңсыз қоқыс орындары көбейсе, ауыз су көздерінің ластану қаупі жоғары екенін ескертеді.

Бесқайнар ауылындағы қоқыс алаңы тұрғындарды әбден мезі қылған. Қою түтін елдімекенді тұмшалап, халық еркін тыныстай алмай отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл аумақта жиналған тұрмыстық қалдық көлемі нормадан асып кеткен. Ал Көктал ауылындағы полигонда соңғы он жыл бойы тазалық жұмыстары жүргізілмеген.

Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Дидар Ешенов мәселені шешу үшін нақты жұмыстар қолға алынатынын айтты.

"Қазір бізде мердігермен келісімшарт бар. Ол толықтай тазалық жұмыстарын жүргізіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын арнайы орындарға көшіреді", – деді ол.

Экологтар тұрмыстық қалдықтардан бөлінетін улы заттардың қауіпті екенін алға тартады.

Жетісу облысы экология департаментінің бас мемлекеттік инспекторы Ерасыл Бекжановтың мәліметінше, жалпы облыс бойынша 200-ге жуық заңсыз қоқыс үйінділері анықталған.

“Қатты қалдықтар ыдырау барысында нитрат, фосфат, аммиак сияқты зиянды заттар бөледі. Бұл заттар топырақ арқылы жер асты суларына өтіп кетуі мүмкін", – деп түсіндірді Ерасыл Бекжанов.

Қазір экология департаменті заңбұзушылықтарға байланысты әкімшілік іс қозғап, жауапты мекемелерге айыппұл салған. Шенеуніктер полигондарға уақытша бақылау орнатып, жағдайды тұрақтандыруға уәде беріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы аумағында қоқысқа толы алқаптың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кадрларда Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы полигон маңына шашылған тұрмыстық қалдықтар көрсетіліп, жағдай жұртшылықтың наразылығын тудырған. Кейін жергілікті билік ластануға полигондағы өрт пен қатты жел себеп болғанын түсіндірген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 09:35