Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 7 метрден асқан ағаштарды кесіп тастамақ: Шенділердің бұл ұсынысы тұрғындарды алаңдатты

Алматыда ағаш биіктігі тек 7 метр болуы керек
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Алматыда билік ағаштардың биіктігін тек 7 метрмен шектеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Шенеуніктің айтуынша, бұл шара сау ағаштардың өз салмағының әсерінен құлап кетпес үшін жасалады. Дегенмен қала тұрғындары бұған қарсы шығып, табиғатқа зияны тиеді деп алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жасыл желектердің биіктігін 7 метрмен шектеу идеясын Алматының Медеу ауданының әкімі журналистермен кездесуде айтты. Қураған ағаштарды кесу туралы сұраққа жауап берген шенеунік қауіп апатты ағаштардан ғана емес, биік ағаштардан да туындайтынын атап өтті.

“Қазір Экология басқармасы Еуропа мен кейбір басқа елдерде қабылданған стандарттарды қарастырып жатыр. Қысқаша айтқанда, ол жақта ағаштың биіктігі 7 метрден аспауға тиіс деген нормалар бар. Ағаштың діңі жақсы қалыптасқан болуы керек. Сондай-ақ тұқымдық құрамы да ескеріледі”, – деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Мәселе ағаштардың жиі құлауынан туындады. Жуырда қураған ағаш көшені жапса, өткен жазда бұтақ әйелдің үстіне құлап, ол қаза тапты. Сарапшылардың айтуынша, тіпті сау ағаштар да ауыр бұтақтарының салмағынан кенет құлауы мүмкін, мұны алдын ала болжау қиын.

Алайда дендролог Николай Зверев бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ағаштарды кесудің орнына оларды бақылап отыру жеткілікті. Сарапшының сөзінше, өсімдіктің өсуін жасанды түрде шектеу оларды әлсіретіп, ауруға шалдығу қаупін арттырады. Себебі көп ағаштардың ұшар басы 7 метрден кейін қалыптасады.

“Үйеңкі де, қарағаш та, емен де, қарағай да, шырша да осы шектеуге түседі. Біз оңтүстікте тұрамыз. Өсіп тұрған барлық ағаш адамға қызмет етуі керек: шаңды ұстап қалу, көлеңке беру, өйткені жазда өте ыстық. Оларды қалай кесуге болады?” – деді Алматы қаласындағы Ботаника институтының аға ғылыми қызметкері Николай Зверев.

Қала тұрғындары да бұл идеяға наразы.

“Менің ойымша, жоқ. Тек дер кезінде бақылап, күтіп ұстау керек. Бұрынғыдай қарап, уақытында бұтап отырса жеткілікті”, “Ағаштарды аласа етпекші. Бірақ мұның мәні неде? Қураған ағаштарды, құрғақ бұтақтарды кескен дұрыс қой. Ал жасыл, оттегі беретін жақсы ағаштарды неге жою керек?”, “Бұл – табиғат. Табиғатта шектеу жоқ. Қалай жаратылса, солай өседі. Біз табиғатқа шектеу қоймауымыз керек”, – деді қала тұрғындары.

Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар, бірақ онда ағаштарға бірыңғай биіктік шектеуі қойылмайды, шешім әр ағашқа жеке қабылданады. Алматыда бұл бастама әзірге талқыланып жатыр, нақты ережелері әлі белгісіз.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 09:45