Кентауда нөсерден кейін үйлерді су басып, тұрғындар шығынға батты
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысындағы Кентау қаласында толассыз жауған жаңбырдан кейін көшелерді су басып, ондаған үйге зиян келді. Ағын су ауладан асып, тұрғын үйлерге дейін кіріп, халықты әбігерге салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Түні бойы тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан арықтар арнасынан асып, қала көшелері көлге айналған. Тұрғындардың айтуынша, су кей жерлерде қабырғаларды қиратып, үй ішіндегі дүние-мүлікті жарамсыз күйге түсірген.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, су деңгейі кей аумақтарда 25 сантиметрге дейін көтерілген.
Қарғын су инфекциялық аурухана жертөлесіне, базар мен бірқатар дәмханаларға да кірген. Жалпы 10 көшедегі 47 тұрғын үйдің ауласына су жайылған.
"Құтқарушылар суды сору жұмыстарына 100-ден астам қызметкер мен арнайы техниканы жұмылдырған. Қазір жағдай тұрақтанғанымен, зардап шеккен тұрғындар уақытша баспаналарға орналастырылды", – деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басқарма инженері Фурхат Жолдасов.
Алайда кентаулықтар мұндай жағдайдың жаңбыр жауған сайын қайталанатынын айтып отыр. Олардың сөзінше, қаладағы су бұру және ирригациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі мәселені ушықтырып отыр.