Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайрандағы ерлік қайталанды: Алматыда жастар итті құтқарып қалды

Ер адамдар итті құтқарды
Фото: Видеодан скриншот

Алматыда көпшілікті жылатқан жанашырлық оқиға тағы да қайталанды. Бұл жолы да тұрғындар бейжай қалмай, қиын жағдайға түскен итті ажалдан арашалап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айгерім есімді қыз өзен арнасында қиналып жатқан итті байқап, көмекке шақырған. Бірнеше жас жігіт бірден әрекет етіп, Артур есімді жігіт мұздай суға түсіп, Юта атты итті аман алып шықты. Иесінің айтуынша, Ютаны олар төрт күн бойы іздеген. Ит бөтен ауданға тап болып, қаңғыбас иттердің талауына түскен, кейін су ішпек болғанда өзен каскадында қалып қойған.

Әлеуметтік желіде итті өзеннен құтқару сәтінің видеосы тарады. Кадрлардан жастардың қол ұстасып, жануарды судан алып шыққанын көруге болады. Олар бұдан 10 жыл бұрын Сайран көлінде итті құтқару кезінде қолданылған тәсілді қайталады.

“Алматыда нағыз құтқару оқиғасы болды. Бір қыз көмекке шақырып, бірнеше жас жігіт еш ойланбастан біздің Ютамызды құтқаруға ұмтылды”, – делінген жазбада.

Ит иесі не дейді?

Tengrinews.kz Ютаның иесі Маринамен байланысқан. Оның айтуынша, ит өткен аптада жоғалып кеткен, ал оны Үлкен Алматы өзенінің бойынан Айгерім есімді қыз тауып алған.

“Итті бізге төрт тәуліктен кейін, түн ортасында қайтарды. Айгерім есімді қыз хабарласты. Ол Instagram желісіндегі жоғалған жануарлар тобына салған менің хабарландыруымды көрген екен”, – деді ол.

Итті үйінен 10 шақырым жерден жаралы әрі қатты шошынған күйде тапқан. Марина хаски көше иттерімен арпалысып қалған болуы мүмкін немесе оны ұрлап, кейін сатып жібермек болғандар алып кеткен деп болжады.

“Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Айгерім Ютаны біз мүлде танымайтын аудандардың бірінен, үйімізден 10 шақырымнан да алыс жерден тапты. Ол өзі мұнша жерге жете алмас еді, сірә біреу көлікпен апарып тастаған. Тапқан кезде Ютаның мойнында қарғыбауы да болмаған. Әлде жұлқына босап кеткен, әлде лақтырып кеткен. Бейтаныс жерде оған қаңғыбас иттер тап берген сияқты”, – деді иттің иесі.

Маринаның айтуынша, хаски су ішу үшін не басқа иттердің шабуылынан қорғану үшін суға түскен болуы мүмкін. Оның сөзінше, әуелде Айгерім өзенге өзі түспек болған. Бірақ өтіп бара жатқан адамдардың дауысын естіп, көмекке шақырған.

“Ол алыстан күлкі естіп, көмек сұрап айғайлаған. Дауысты естіген жігіттер жүгіріп келді. Олардың арасында 20 жастағы Артур деген жігіт болды. Ол нағыз батыр екен. Юта тайып кетіп, ағыс алып кете бастағанда, өзгелері үміт үзгендей болды. Бірақ Артур берілмеді. Қараңғыда мұздай суға түсіп, біздің итімізді алып шықты”, – деді Марина.

Маринаның отбасы үшін Юта жай ғана үй жануары емес, он жылдан астам уақыт бірге тұрып келе жатқан отбасы мүшесі іспетті. Иесінің айтуынша, олардың сүйікті иті өте жуас, адамға ешқашан агрессия көрсетпеген.

“Біздің басымыздан үлкен қиындық өтті, бірақ соңы жақсы аяқталды. Осы жастарға мың алғыс! Айгерімге, Артурға, Радомирге, Ильяға және Виолеттаға тек жақсылық тілеймін. Еліміз осындай батырларды тануы керек”, – деп түйіндеді ол.

Қазір иттің жағдайы қалай?

Иесінің айтуынша, қазір хаски қаладағы ветеринарлық клиникалардың бірінде ем қабылдап жатыр7

“Көптеген тістеген жарақаттың салдарынан асқыну басталып, инфекция мен ірің пайда болған. Құтқарылғаннан кейін үшінші күні біз бақылау тексерісіне ветклиникаға бардық. Дәрігерлер жараның бірінен абсцесс анықтап, шағын ота жасап, тазартты”, – деді Марина.

Оның айтуынша, Ютаның жағдайы әлі де ауыр. Себебі ит тістегеннен кейінгі асқынуларға байланысты оған ота жасауға тура келген. Ит үлкен сынақтан өтті. Ең бастысы – аман қалды және өз иелеріне қайта оралды.

Алматы қалалық ТЖД бұл әрекетке бейжай қарамаған азаматтарға алғыс білдіріп, оқиға бойынша мән-жай анықталып жатқанын хабарлады. Айта кетейік, бұл жағдай бойынша 112 нөміріне ешқандай хабарлама түспеген.

Айта кетейік, бұған дейін де Алматыда дәл осындай оқиға болған. Он жыл бұрын Сайран маңында адамдар тізбек құрып, суға түскен итті құтқарып қалған еді. Бұл оқиға халықаралық деңгейде таралып, кейін сол ерлікке арнап арнайы арт-нысан да орнатылған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Сәуір, 2026 22:18