Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұндай жанкүйерді алғаш рет көрдім": Төреғали Төреәлінің артынан жүгірген қыз желіні шулатты

Төреғали Төреәлі жанкүйерімен
Фото: threads.com/@birttturli_qyz

Желіде әнші Төреғали Төреәлінің артынан қуып жетіп, онымен суретке түскен жанкүйері жұртты тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау қаласының тұрғыны Әсел Өтепбергенова – Төреғали Төреәлінің көптен бергі адал тыңдарманы. Ол өнер иесінің концерттерінен қалмай, әлеуметтік желідегі жаңалықтарын да жіті бақылап жүреді. Жуырда бойжеткен сүйікті әншісін сырттай көріп қана қоймай, мінген көлігін қуып жетіп, көптен күткен суретке де түсті. Осы сәттің видеосын ол Instagram парақшасына жариялады.

Желіге салған видеосының астында Әсел әншіні қысқа ғана “Менің жарық жұлдызым” деп сипаттаған.

Кадрлардан оның көлікте отырған Төреғалиді байқап қалып, артынан жүгіргенін көруге болады. Тіпті ол терезені ашуды сұрайды. Терезе төмен түскен сәтте бойжеткен қуанышын жасыра алмай, айғайлап, әншіге қарай ұмтылады.

Бұл видео желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі қыздың шынайы қуанысы мен ашық көңіліне сүйсінсе, енді бірі мұндай әрекет тым асыра сілтегендей көрінетінін жазған. Тіпті кей пікірлер қалдырушылар әншінің өзі де бұл сәтте сәл абдырап қалғанын жазды.

“Осы дыбысты оятқышқа қойғым келіп тұр”, “Мұндай жанкүйерді алғаш рет көріп тұрмын”, “Біздің кезде әлеуметтік желі болмағаны жақсы екен”, “Төреғали анық аң-таң болып қалды”, – деп жазған олар. 

Ал Әселдің өзі 2022 жылы-ақ әншінің барлық әнін білетінін, жыл сайын концертке міндетті түрде барып, сахнаға жақын жерден билет алуға тырысатынын айтқан еді. Оның сөзінше, ол концерттерде Төреғалиға қосылып ән айтуды ерекше жақсы көреді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Сәуір, 2026 22:10