Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда оқушы желідегі нұсқаулық бойынша мектепке балта алып келген

Балта
Фото: Freepik.com

Алматыда оқушы қыз мектепке балта алып келіп, шабуыл жасауды жоспарлаған. Мұндай тапсырманы ол әлеуметтік желі арқылы белгісіз адамдардан алған. Полиция қызметкерлері шабуылдың алдын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Tengrinews.kz редакциясына оқушылардың ата-аналары жүгінген. Олардың айтуынша, болжам бойынша 6-сыныпта оқитын қыздардың бірі мектепке балта алып келген.

“Біздің ауданымыздағы мектептердің бірінде алтыншы сынып оқушысы мектепке балта алып келіпті. Ата-аналардан балалардың Telegram-дағы чаттарын тексеру сұралып жатыр, өйткені ол қыз әлдебір чатта болып, сол жерде оған осындай әрекет жасау тапсырылған екен”, – деп жазған ата-аналар.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

“Кәмелетке толмаған қыз әлеуметтік желі арқылы алған нұсқаулардың ықпалымен заңға қайшы әрекет жасауды жоспарлағаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында құқыққа қарсы әрекеттің жолы кесіліп, оның жүзеге асуына мүмкіндік берілген жоқ”, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы соталды тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

“Тергеу аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жасөспірімді заңсыз әрекетке тартуы мүмкін тұлғалар анықталып жатыр”, – деді полиция өкілдері.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілдеріне қатысты да баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында мектеп дәлізінде балта ұстап жүгірген оқушы екі сыныптасын жаралағаны туралы жазған едік. Осы оқиғадан кейін мектептің директоры қызметінен кетті.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 24 Сәуір, 2026 16:47