Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 10 миллион теңге бопсалаған журналист сотталды

арай есенбек
Фото: Арай Есенбек

Шымкентте блогер беделге нұқсан келтіретін ақпарат таратамын деп әкімдікті бопсалап 10 миллион теңге талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот мәліметінше, айыпталушы жәбірленушінің беделіне нұқсан келтіріп, оның мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді таратамын деп бопсалаған. 

Ол бұған дейін 2025 жылдың қазан айында блогер әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған. Кейін әкімдік өкілімен кездескен кезде ол 10 миллион теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу бойынша шарт жасасуды талап еткен. Сот анықтағандай, егер бұл талап орындалмаса, блогер әкімдік туралы жағымсыз мәліметтерді порталға жариялаймын деп қорқытқан.

Осыдан кейін, 2025 жылдың 6 қарашасында ол анасының банк шотына аударым арқылы 990 мың теңге алған. Сотта айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Алайда сот блогерді кінәлі деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Осы оқиғаға байланысты журналист Михаил Козачков блогердің аты Арай Есенбек екенін мәлімдеді. Ол бұрын қала әкімінің экс-пресс-хатшысы болып жұмыс істеген.

“Ол өзі жекелей кеткеннен кейін Арай да жеке тұлғаға айналып, өз медиасын ашқан. Кейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс ала бастаған. Қарапайым тілмен айтқанда, оған позитивті контент үшін ақша төленген.

Алайда өткен жылдың соңында блогер мемлекеттік органдардан келетін қаржы азайғанына наразы болып, таныс шенеунікке қоңырау шалып, 10 миллион теңге беруді талап ете бастаған. Егер бермесе, өзінің медиасында жағымсыз материалдар жариялайтынын айтқан. Мен сол келіссөздердің жазбасын да жариялаған едім. Мемлекеттік қызметкер бұл шартқа келісіп, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Ақша беру кезінде Арай Есенбек ұсталды. Сот оны бопсалау (Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі) бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға колонияға жіберді", — деп хабарлады ол.

STAN.KZ
Жұма, 24 Сәуір, 2026 17:43