Иран Ормуз бұғазында рұқсатсыз өтпек болған екі кемені қолға түсірді

Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы маңында рұқсатсыз өтпек болған екі контейнерлік кемені MSC-Francesca мен Epaminondas-ты қолға түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Press TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сақшылар мәліметінше, Epaminondas кемесі АҚШ әскери құрылымдарымен байланыста болған, ал MSC-Francesca Израильмен байланысты деп күдікке ілінген.
“Ислам революциясы сақшылары корпусы жуырда қолға түсіріп, Иранның аумақтық суларына жеткізген кеме туралы мәліметтерді жариялады. Ол АҚШ әскери күштерімен ықтимал байланысы бар деп күдікке алынған. Есепте Epaminondas кемесіне қатысты нақты деректер келтірілген", – делінген телеарна хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, ұсталған кемелер жүктері мен құжаттарын тексеру үшін Иранның аумақтық суларына жеткізіледі.
Хабарда Epaminondas кемесі Либерия туы астында жүзіп, Үндістандағы Мундра портына бағыт алғаны айтылған. Сондай-ақ КСИР дерегіне сүйенсек, 2024–2026 жылдар аралығында бұл кеме АҚШ-тың 11 портында 36 рет аялдап, шамамен 299 мың тонна жүк түсірген. Бұған қоса, кеме екі күн бұрын Ормуз бұғазындағы Иранға тиесілі Ларек аралы маңында болғаны көрсетілген.
Айта кетейік, 13 сәуірде АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы Иран порттарына кіріп-шығатын теңіз қозғалысын бақылауға алған. Бұл бұғаз арқылы әлемдегі мұнай, мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың шамамен 20 пайызы тасымалданады.
Вашингтон Иранмен байланысы жоқ кемелердің бұғаздан еркін өте алатынын мәлімдеді. Алайда мұндай кемелер Тегеранға төлем жасамаған болуы тиіс. Ал Иран билігі ресми түрде төлем енгізгенін жарияламағанымен, мұндай жоспар бар екенін бұрын айтқан.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгенін жазған едік. Исламабадта 21 сағатқа созылған талқылаулардан соң да тараптар бейбіт келісімге келе алмады, ал Ормуз бұғазы мен ядролық бағдарлама басты даулы мәселеге айналды.
"Сотқа дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек
Оқыңыз