Қазақстанда әйел танысын өлтіріп, бірнеше күн бойы мәйітпен бірге тұрған

Солтүстік Қазақстан облысында танысын балтамен өлтіріп, мәйітін төсек астына жасырып қойған әйелге сот үкімі шықты. Ол бірнеше күн бойы әдеттегі өмірін жалғастырып жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды. Айыпталушы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының 53 жастағы тұрғыны.
Тергеу материалдарына сәйкес, биыл 27 ақпанда айыпталушы аулаға шығып, отын жармақ болып балта ұстап тұрған кезде оған мас күйдегі танысы келген. Әйел одан кетуін сұраған, алайда ер адам бас тартқан.
"Айыпталушы өз жауабында есікті жабу үшін қонақты айналып өткенін, сол сәтте оның артына шыққанын айтқан. Оның сөзінше, ер адам кенеттен үстіне қарай құлай бастаған кезде, “оны сәл қорқыту үшін балтамен екі рет жылдам соққы жасаған”. Алайда ол балтаның жалпақ жағымен емес, өткір жүзімен ұрғанын және соққы желке тұсына тигенін байқамаған. Содан кейін жәбірленуші етпетінен құлаған", – делінген сот үкімінде.
Оқиғадан кейін әйел едендегі қан іздерін жуып, ер адамды бөлмеге сүйреп кіргізіп, төсек астына жасырған.
Осыдан кейін ол бірнеше күн бойы жұмысқа барып, көршілерімен және ауылдастарымен араласып, кешке үйіне келіп, мәйіт жатқан төсек үстінде ұйықтап жүрген.
Сотта айыпталушы қылмыс туралы полицияға хабарламақ болғанын, бірақ телефонында баланс болмағандықтан хабарласа алмағанын айтқан.
Ал марқұмның анасы мен ағасы оның жоғалып кеткені туралы полицияға арыз берген. Полицейлер соңғы рет ер адамның айыпталушымен бірге болғанын анықтаған.
"Куә ретінде жауап берген полиция қызметкерлері сотта айыпталушыны жұмыс орнынан үйіне жеткізгендерін айтты. Пәтерге кірген кезде олар мәйіт иісін сезген. Қызметкерлердің бірі иістің қайдан шығып жатқанын тексеру үшін жертөлеге түскен. Ал қалғандары жатын бөлмеге кіріп, төсек астынан іздеуде жүрген адамның мәйітін тапқан. Осыдан кейін айыпталушы болған жайтты айтып берген", – делінген үкімде.
Айыпталушы сотта адам өліміне себеп болғанын толық мойындағанымен, қылмыстың саралануымен келіспей, оны өлтіру ниеті болмағанын айтқан.
Алайда сот бұл уәждерді жауапкершіліктен жалтару деп бағалады.
"Сонымен қатар сот айыпталушының қылмыстан кейінгі әрекеттеріне назар аударды. Ол жәбірленушіге ешқандай көмек көрсетуге тырыспаған. Бұдан бөлек, полицияға хабарласуға мүмкіндігі бола тұра, жұмысқа барып, өз істерімен айналысқан", – делінген үкімде.
Сот барысында әйелдің бұған дейін де кісі өлтіру және ауыр дене жарақатын келтіру бойынша сотталғаны анықталды. Осыған байланысты оның әрекеттері қауіпті рецидив деп танылды.
"Айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша қауіпсіз мекемесінде өтесін. Сондай-ақ жазасын өтеу орнында алкоголизмнен мәжбүрлі емдеу тағайындалсын", – деп үкім шығарды Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Ерлан Нұршарыпов.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталған әйел оны апелляциялық тәртіппен қайта қарауға ниетті.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Қостанай облысында қызғаныштан туған тұрмыстық жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталғаны туралы хабарлаған едік. Оқиға Троебратское ауылында болып, азаматтық некеде тұрған ер адам мас күйде әйеліне қол көтеріп, ауыр соққыға жыққан. Салдарынан әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
"Сотқа дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек