Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында жарысқа бара жатқан үш мектеп оқушысы жол апатынан қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында волейболдан жарысқа бара жатқан 8-сынып оқушылары мінген көлік жол апатына ұшырап, үш жасөспірім қаза тапты. Қайғылы оқиға Шардара–Байырқұм тас жолында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысында волейболдан жарысқа бара жатқан үш бала жол апатынан көз жұмды. Үш отбасы үкілеп отырған ұлдарын бүгін жер қойнына тапсырды. 8-сыныптың оқушыларынан құралған команданы көлігімен облыстық турнирге апармақ болған жаттықтырушы да ауыр жарақат алған. Ал өзге көлікте отырған сегіз ұл дін-аман. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, камаздың жүргізушісін қамауға алған.

Жантүршігерлік жол апаты күні кеше Шардара-Байырқұм тас жолында болған. Өз жолымен келе жатқан көлікті камаз қатты жылдамдықпен соққан. Салдарынан оқушылар отырған Шевролет Кобальт көлігі аударылып, сау-тамтығы қалмай жапырылды. Өкінішке қарай, жеңіл көлікте отырған 14 жастағы жеткіншек оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Көкарал ауылы №46 мектептің мұғалімі Айдана Тұрсынованың айтуынша, марқұмдар волейболдан облыстық турнирге Арыс қаласына бара жатқан.

"Осы жарысқа баратыннан алдын апай біз жарысқа барамыз. Міндетті түрде жеңіп келеміз деп күліп айтып кеткені бар еді. Оқушыларым спорт саласына өте қызығатын. Мектепішілік жарыстарға, аудандық жарыстарға барып, жүлделі орындар алып келетін. Ешқандай жаман қылықтары жоқ. Үнемі күліп жүретін оқушыларым еді", – деді мұғалім Айдана Тұрсынова.

Көлік рөлінде отырған 34 жастағы жаттықтырушы қазір ауруханада жатыр. Белгілі болғандай, 8-сыныптан құралған команда екі көлікпен жолға шыққан. Бірі апатқа ұшыраса, екіншісінде отырған балалар дін-аман. Полиция жүк көлігінің жүргізушісін қамауға алып, тергеуді бастады.

Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятов кәмелетке толмағандарды тасымалдау бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде полицияға хабарлама берілмегенін айтады.

"Қазір жол көлік оқиғасына байланысты барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", – деді полиция.

8-сынып оқушылары Қанабек Төлебай мен Нұрсұлтан Ташболат екі жылдан бері түрлі турнирлерге қатысып, жарыстан құр алақан келмеген. Волейболдан облыстық құрамаға қосылғалы тұрған спортшылар бала күнінен бірге өскен сыныптас әрі жақын дос болған дейді мұғалімдер. Көпбалалы отбасынан шыққан үш ұлды туыстары 24 сәуір жер қойнына тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында адам өліміне әкелген жантүршігерлік жол апаты туралы жазған едік. Қайғылы оқиға 2025 жылдың тамыз айында "Астана–Петропавл" тасжолында болған. Тергеу мәліметінше, жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырып, рөлде отырып ұялы телефонға алаңдаған. Соның салдарынан қарсы жолаққа шығып, көлікпен соқтығысқан. Апатта төрт адам қаза тауып, бірнеше жолаушы ауыр жарақат алған. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 08:21