Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бойжеткен әкесінен ақша алу үшін өзін "ұрланған" етіп көрсетіп, бопсалаған

Фото: MGR Online

Таиландқа қашып кеткен қытайлық қыз өз ұрлануын қолдан ұйымдастырып, әкесінен қомақты ақша алған. Алайда көп ұзамай бұл оқиғаның жалған екені анықталып, ол ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Thaiger басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайлық бойжеткен Таиландқа қашып барып, өз ұрлануын қолдан ұйымдастырып, әкесінен ақша бопсалаған.

Оқиға наурыз айының соңында басталған. Қытай азаматы полицияға жүгініп, қызы тек Тун есімімен белгілі бойжеткен Камбоджада ұрланғанын айтқан.

Белгісіз адамдар одан қызын босату үшін 110 мың юань (шамамен 7,47 миллион теңге) талап еткен. Әкесі ақшаны аударғаннан кейін, "ұрлаушылар" қызды басқа елге Мьянмаға, кейін Таиландқа жеткіздік деп хабарлаған.

Қытай полициясы істі тергеу үшін Таиландтағы Central Investigation Bureau (CIB) қызметкерлерімен байланысқа шықты. Тергеу барысында әкесіне жіберілген бейнематериалдар Бангкокта түсірілгені анықталған.

Көп ұзамай тәртіп сақшылары бойжеткен мен оның айналасындағылардың Бангкоктағы қонақүйде тұрғанын, кейін жалдамалы үйге көшкенін анықтады. 16 сәуір күні CIB агенттері аталған үйге барып, Тунды, оның 29 жастағы жігіті Юді және тағы төрт Қытай азаматын ұстады.

Тергеу барысында Тун мен Ю достарымен бірге жалған ұрлау оқиғасын ұйымдастырып, қыздың әкесінен ақша бопсалағанын мойындады. Сонымен қатар топтағы екі адамның бұл жоспардан бейхабар болғаны белгілі болды.

Қазір күдіктілер Қытайға депортацияны күтіп отыр. Елге қайтарылған соң олар сот алдында жауап береді.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында бойжеткен бұрынғы жігітін жеке мәліметтерін жариялаймын деп қорқытып, 25 миллион теңге талап еткені туралы жазған едік. Жігіт ақшаны бере алмаған соң, тек 200 мың теңге аударып, кейін полицияға жүгінген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, іс тергелді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 13:30