Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада “Самал” саябағы бой көтереді: Президент тапсырмасымен қанша ағаш отырғызылады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес Астанада ауқымды көгалдандыру жұмыстары басталды. Биыл елордада 173 аумақ жаңартылып, 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланса, соның ішінде жаңа “Самал” саябағы қаланың басты демалыс орындарының біріне айналмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология және көгалдандыру мәселелері бойынша жауапты мемлекеттік органдардың есебін тыңдады. 

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы кешенді абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Фото: Ақорда

Оның айтуынша, биыл қалада 173 нысанды (қоғамдық және аула аумақтары) жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, гүлдер, ағаштар) отырғызу көзделіп отыр. Негізгі жобалардың бірі – жаңа тартымды орынға айналатын “Самал” саябағын қалыптастыру. Бұл парк отбасылық демалысқа, спорт пен мәдени шараларға арналған көпфункционалды кеңістік ретінде жобаланып жатыр.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев “Таза Қазақстан” бастамасы аясында соңғы екі жылда ел бойынша 1500 экологиялық іс-шара өткенін мәлімдеді. Осылайша, 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған.

 

Фото: Ақорда

Жыл сайын мұндай акцияларға шамамен 6,5 миллион адам, оның ішінде 780 мың ерікті қатысады. Ал 2021-2025 жылдары орман қорында 1,6 миллиардтан астам көшет отырғызылып, 1 миллион гектардан аса аумақ қамтылған. Елді мекендерде соңғы бес жылда 18,4 миллион ағаш егілген.

Іс-шара барысында өңірлермен бейнеконференция арқылы байланыс орнатылып, Ақсу-Жабағылы қорығы, Жайық өзені жағалауы, Шығыс Қазақстан және Баянауыл өңірлеріндегі экологиялық жұмыстар туралы есеп берілді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы аумағында қоқысқа толы алқаптың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кадрларда Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы полигон маңына шашылған тұрмыстық қалдықтар көрсетіліп, жағдай жұртшылықтың наразылығын тудырған. Кейін жергілікті билік ластануға полигондағы өрт пен қатты жел себеп болғанын түсіндірген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 14:02