Қазақстандықтар скринингтен өту үшін ақылы демалыс ала алады

Қазақстанда азаматтардың скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс алу құқығы қайтадан күн тәртібіне шықты. Бұл мәселе Мәжілісте көтеріліп, депутаттар халықтың хабардарлығын арттыру қажет деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңнамаға сәйкес, қазақстандықтарға жыл сайын медициналық тексерулерден өту үшін үш күндік ақылы демалыс беріледі. Алайда депутаттардың айтуынша, азаматтардың басым бөлігі бұл мүмкіндік туралы білмейді немесе оны пайдаланбайды.
Мәжіліс өкілдері әлеуметтік демалыс нормасы бірнеше жылдан бері күшінде болғанымен, іс жүзінде оның тиімділігі төмен екенін атап өтті. Қызметкерлер бұл құқықты сирек қолданса, жұмыс берушілер тарапынан да тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді.
Осыған байланысты депутаттар жаңа тәсілдерді енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, скринингтен өтуге тиіс азаматтардың нақты тізімін қалыптастыру және оларды электрондық сервистер арқылы хабардар ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар eGov платформасы арқылы push-хабарламалар немесе SMS жіберу тетіктерін енгізу ұсынылды.
Мәжіліс депутаттарының мәліметінше, қазір қазақстандықтардың жартысына жуығы міндетті медициналық тексерулерден өтпейді. Бұл әсіресе онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға кері әсерін тигізіп отыр. Салдарынан дерт кеш анықталып, емдеу үдерісі күрделеніп, шығын көлемі артады.
Депутат Асхат Аймағамбетов көптеген азаматтың өз құқықтары мен тексеруден өту тәртібі туралы нақты ақпараттан хабарсыз екенін айтты. Оның сөзінше, жұмыс берушілер қызметкерлердің скринингтен уақтылы өтуіне жағдай жасап, ал кадрлық қызметтер бұл процесті ұйымдастыруға көмектесуге тиіс. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі скринингке жататын азаматтардың тізімін кадрлық ақпараттық жүйелермен біріктіру жұмыстарын күшейтуі қажет.
Осылайша, Мәжілісте көтерілген бастамалар қазақстандықтардың профилактикалық тексерулерге қатысуын арттыруға және аурулардың алдын алуды жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі ер адамдар жатыр мойны обыры скринингінен өтуін ЖСН-дегі қателіктермен түсіндіргені хабарланған еді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған