Қазақстан Қашаған кен орнын игерген мұнай компанияларын парақорлық жасады деп айыптады
Қазақстан халықаралық мұнай компаниялары Қашаған кен орнын игеруге қатысты жалпы құны 10,7 млрд доллар болатын келісімшарттарды заң бұзып жасады деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумының (ICIJ) бірнеше дереккөзіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астананың шағымдарының арасында шамамен он келісімшартқа қатысты сұрақтар туындап отыр. Бұл келісімшарттарды 2000 жылдары Қашағанды игеріп жатқан консорциум халықаралық инженерлік және құрылыс компанияларымен жасасқан. Аталған компаниялар кен орнындағы маңызды нысандарды салуға қатысқан.
“Келісімшарттар жасалған кезде сыбайлас жемқорлыққа жол берілген, шығындар әдейі қымбат көрсетілген, ал кейін жобаны басқару тиімсіз болған. Мұның бәрі Қашаған жобасының бірнеше жылға кешігуіне себеп болуы мүмкін”, – деп мәлімдеді Қазақстан тарапы.
Бастапқыда Қашағанда мұнай өндіруді 2000 жылдардың ортасында бастау жоспарланған. Алайда кен орнында толық көлемде мұнай өндіру жұмыстары тек 2016 жылы басталды.
Қазақстан тарапының айтуынша, Қашаған жобасы кешіккендіктен мемлекет миллиардтаған доллар табыстан қағылған. Сонымен қатар мұнайдан түсетін пайданы Қазақстан үшін тиімді түрде бөлу кезеңі де кейінге шегерілген. Ал мұнай компаниялары осы уақыт ішінде кен орнын игеруге жұмсаған шығындарын өтеуді тоқтатпаған.
Қолда бар есеп бойынша, компаниялардың Қашағанды игеруге жұмсаған шығыны шамамен 60 миллиард доллар болған. Бұл сома әлі де нақты емес және бағалау төмендетіліп көрсетілген болуы мүмкін.
Қазақстан 160 миллиард доллар талап етіп отыр
Келісімшарттарға қатысты дау Қазақстан мен Қашаған жобасының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) арасындағы ірі төрелік істің бір бөлігі. Қазақстан тарапының жалпы талаптары шамамен 160 миллиард доллар болды. Сондай-ақ мемлекет алынбай қалған пайданы және қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр.
Іс Гаагадағы Тұрақты төрелік сотында қаралып жатыр. Әзірге сот Қазақстанның мұнай компанияларына қатысты сыбайлас жемқорлық туралы айыптауларына байланысты шешім шығарған жоқ.
“Қазақстанның қазіргі талабы осы сипаттағы халықаралық төрелік даулардың ішіндегі ең ірілерінің бірі болуы мүмкін. Оның көлемі Ресейге қарсы “YUKOS” мұнай компаниясының 114 миллиард долларлық талабынан да асып түседі. Ол іс бойынша төрелік сот 50 миллиард доллар төлеуді міндеттегенімен, шешім әлі күнге дейін орындалмаған”, – деп мәлімдеді ICIJ.
NCOC Қазақстанның талаптарымен келіспейді. ICIJ мәліметінше, консорциум Қазақстан тарапы ұсынған дәлелдердің жеткіліксіз екенін және талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартады.
Сонымен қатар дәлелдердің бір бөлігі Италияда жүргізілген парақорлыққа қатысты тергеулерге негізделген. NCOC нұсқасы бойынша, бұл материалдар мұнай компанияларының емес, Қазақстанның кейбір шенеуніктерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін екенін көрсетеді.
ICIJ-ге берген мәлімдемесінде NCOC консорциум құрамындағы компаниялар өз әрекеттері келісімшарт талаптарына, Қазақстан заңнамасына, тиісті стандарттар мен мұнай-газ саласындағы үздік тәжірибелерге сай болғанын мәлімдеді.
Компания сот процесінің құпиялылығына байланысты бұдан әрі түсініктеме бермейтінін атап өтті.
NCOC – Қашаған кен орнының операторы. Консорциум құрамына мына компаниялар кіреді:
KMG Kashagan B.V. – 16,877%;
Shell Kazakhstan Development B.V. – 16,807%;
Total E&P Kazakhstan – 16,807%;
AgipCaspian Sea B.V. – 16,807%;
ExxonMobil Kazakhstan Inc. – 16,807%;
CNPC Kazakhstan B.V. – 8,333%;
Inpex NorthCaspian Sea Ltd. – қалған бөлігі.
Қазір Қашаған кен орнында тәулігіне шамамен 430-450 мың баррель мұнай өндіріледі. Қашаған – мұнай өндіру көлемі бойынша Қазақстанда Теңіз кен орнынан кейінгі екінші ірі кен орны.
Қашаған – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық мұнай компанияларымен бірлесіп игерілген үш ірі мұнай-газ жобасының бірі. Қалған екеуі – Қарашығанақ пен Теңіз. Қашағанда өндірілген мұнай Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) құбыры арқылы Ресей аумағымен Қара теңізге экспортталады.
Қашағанды игеру және одан түсетін пайданы бөлу тәртібі Өнімді бөлу туралы келісіммен (ӨБК) реттеледі. Келісімге сәйкес, мұнай компаниялары алдымен өндірілген мұнайды сату арқылы кен орнын игеруге жұмсаған шығындарын өтейді. Осыдан кейін ғана инвесторлар мен мемлекет арасында пайда бөліне бастайды.
Қазақстан тарапының мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер Қашағанда толық көлемде мұнай өндірудің басталуын және жобаның пайданы бөлу кезеңіне өтуін кейінге қалдырған. Бұл кезең мемлекет үшін ең тиімді саналады. Сонымен қатар мұнай компаниялары кен орнын игеруге жұмсаған шығындарын өтеуді жалғастырған.
