"Қатерлі ісікке шалдыққан": Үндістанға ем іздеп барған жасөспірім сол жерде көз жұмды

Қатерлі ісікке шалдыққан 16 жастағы қызылордалық Сұңқар Сәбит Үндістанға ем іздеп барып, сол жерде көз жұмды. Марқұмның анасы Райхан Мәлікованың айтуынша, шетелде екі аптаға жуық болған ұлы тиісті ем алып үлгермеген. Әйел бұған Қазақстандағы делдал компанияны кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Анасының сөзінше, сәуір айының басында Сұңқарға аталық без обыры диагнозы қойылған. Қазақстанда ем нәтиже бермеген соң, олар Шымкенттегі шетелде ем ұйымдастыратын компания арқылы Үндістанға аттанған.
Алайда Райхан Мәлікова делдалдар уақытты созып, түрлі тексерулерге ақша жұмсатқанымен, нақты ем жүргізілмегенін айтады.
“15-20 миллион теңге кетті деп ойлаймын. Бірақ білмеймін, анық айта алмаймын. Несие алдым, біраз дүниені сатқаным бар. Ал халық 2-3 миллион теңгедей жинап берді. Ешқандай ем алып, ешнәрсе істеген жоқпыз. Тек ақша сыпырып ала берді. Мейлі ақшаның орны толар-ау, бірақ баламның өмірі қайта келмейді”, – дейді жүрегі қан жылаған ана.
Анасының айтуынша, Үндістанда тексеруден өтіп жүрген Сұңқар 12 күннен кейін қайтыс болған.
Ал жасөспірімді шетелге апаруға көмектескен “Medical Travel” компаниясының өкілдері науқастан ешқандай қызмет ақысы алынбағанын мәлімдеді. Компания құрылтайшысы Гүлжазира Үргешбайдың сөзінше, олардың қызметіне төлемді Үндістандағы клиникалар жүргізеді.
“Бізге Үндістан мемлекетінен ақша төленеді. Науқас тарапынан мынадай көлемде ақша керек деген жоқ. Науқас қан талдауын тапсырса оған төлейді. Мен және менің аудармашым нуқастың картасын алмаймыз. Жалпылама ПЭТ/КТ-дан өтті, қабылдауға кіргені, МРТ-дан өткеніне өз қолымен ақы төледі”, – деді ол.
Марқұмның анасы Қызылорда облыстық прокуратурасына арыз түсірді. Ведомство өкілдері қазір істің барлық мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.
“Азаматшадан түскен арызды прокуратура қабылдады. Істі жан-жақты зерттемей қылмыстың құрамы бар-жоғын анықтау қиын. Тиісті тексерулер жүргізіліп, белгілі бір мерзімде құқықтық баға беріледі”, – деді Қызылорда облыстық прокуратурасының ресми өкілі Раушан Майгелдиева.
Мәліметке сәйкес, жасөспірімнің өліміне қатерлі ісік емес, жүрек-қан тамырларының бітелуі себеп болған. Осыған байланысты анасы бастапқы диагноз қойған қазақстандық дәрігерлердің әрекетіне де шағымданбақ.
Белгілі болғандай, Сұңқар Сәбит биыл колледжге электрик мамандығына оқуға түскен.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада 9 айлық сәби ауруханада емделу кезінде күйіп қалғаны туралы жазған едік.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді
Оқыңыз