Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атбасар түрмесіндегі азаптауға қатысты іс: Сотталушыларға жаңа айып тағылған

Атбасарда сотталушыларды азаптаған
Фото: Видеодан скрин

Атбасар колониясында тұтқындарды азаптап, қорлық көрсетті деген 12 қызметкерге қатысты қылмыстық іс әрі қарай қарауға Атбасар аудандық сотына беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 4 мамырдағы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ҚАЖК-нің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі соттылығы бойынша Атбасар аудандық сотына жолдау туралы прокурордың өтініші қанағаттандырылды.

Сотта басты сот талқылауы барысында прокурор 12 айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі “Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану” бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген жаңа айыптау актісін ұсынды және істі соттылығы бойынша Атбасар аудандық сотына жолдау туралы өтініш білдірген.

“ҚК-нің 362-бабы 1-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады, алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санатына кірмейді, қылмыс жасалған орын – Атбасар қаласындағы ҚАЖК мекемесі. Осы мән-жайларды ескере отырып, қылмыстық іс қарау үшін соттылығы бойынша Атбасар аудандық сотына жолданды”, – делінген ақпаратта.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Атбасар колониясында 12 қызметкер тұтқындарға азаптап қорлық көрсетті деген айып тағылған еді. Іс бұған дейін бірнеше рет қаралып, олар ақталып кеткен. Дегенмен 12 қызметкердің ісі осымен үшінші рет қайта қозғалып жатыр. 

Оларға Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша "қатал, адамгершілікке жатпайтын әрекет, азаптау" айыбы тағылған. 

2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың ақпанына дейін созылған сот процесінің соңында алқабилер соты 12 күдіктіні де ақтау туралы шешім шығарды. Алайда прокурор сот үкіміне шағым түсіріп, жоғарғы сот процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты үкімнің күшін жойған еді.

Жаңадан жасақталған алқабилер құрамы да айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Сот үкімімен абақтының барлық 12 қызметкері ақталды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 22:58