Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда емханаға келгендер бір-бірін таптап кете жаздаған

Павлодарда емханаға келгендер кіреберісте бір-бірін таптап кете жаздады. Олардың арасында зейнеткерлер де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиғаны пациенттердің өздері видеоға түсірген. Адамдарды ішке кіргізе бастағанда, жиналған жұрт ғимаратқа лап қойып кіреді. Артынша дәрігерге кезек талонын беретін аппараттардың жанында жанжал туындайды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл емхана 62 мың адамға қызмет көрсетеді. Алайда жауапты тұлғалардың айтуынша, мұнда емделушілердің жайлылығы мен қызмет алуды ыңғайлы ету үшін барлық жағдай жасалған. Осыған байланысты тұрғындардан негізсіз дүрлігу тудырмау сұралды.

"Таңертеңгі уақытта кейде пациенттердің жиналып қалуы байқалады, алайда күн ішінде келушілер ағыны біртіндеп азаяды. Пациенттерден емхана ашылмай тұрып ұзын-сонар кезек қалыптастырмауды, медициналық ұйымның ішкі тәртібін сақтауды және басқа пациенттер мен медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауды сұраймыз", – деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Назархан Уән
Бейсенбі, 07 Мамыр, 2026 11:29