Үндістанға баласын қатерлі ісіктен емдетуге апарған әйел делдалдар ақшамды сыпырып кетті деп шағымданды

Үндістанға қатерлі ісікті емдетемін деп барған 16 жастағы қызылордалық бала көз жұмды. Шетелде екі аптадай уақыт болған жеткіншек сол күйі ем алып үлгермеген. Ал марқұмның анасы бұған алыс елге алып барған қазақстандық делдалдарды кінәлайды. Өйткені олар дер кезінде ем жасатудың орнына, ақшамызды оңды-солды жұмсап, әдейі уақыт созды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кенже баласынан айырылған Райхан Мәлікова оған қоса делдалдарға жем болдым дейді. Сәуір айының басында ұлы 16 жастағы Сұңқар Сәбитке аталық бездің обыры диагнозы қойылған. Алайда отандық медицина оны емдей алмаған. Сол себепті делдалдық жасайтын Шымкент қаласындағы компаниямен келісіп, шетелге барған. Бірақ олар ұлымды емдетудің орнына, қалтамды қақты деп ашынады ол.
“15-20 миллион кетті деп ойлаймын. Бірақ білмеймін анық айта алмаймын. Несие алдым, сатқаным бар, халық 2-3 миллиондай ақша жинап берді. Ешқандай ем алып, ешнәрсе істеген жоқпыз. Тек ақша сыпырып ала берді. Анаған ақша, мынаған ақша деп. Мейлі ақшаның орны толар-ау, бірақ баламның өмірі қайта келмейді”, – дейді аза тұтып отрыған ана.
Қолындағы бар ақшасын берсе де үндістандық дәрігерлер жасөспірімге ем жасап үлгермеген. Сол елде тексерістен өтіп жүрген Сұңқар Сәбит 12 күннен соң көз жұмған. Ал жеткіншекті шетелге алып баруға жәрдемдескен “Мedical travel” компаниясының басшылары марқұмның анасынан бір тиын да алмадық деп отыр. Өйткені қызмет ақымызды Үндістандағы емханалар төлейді деп сендірді.
“Бізге Үндістан мемлекетінен ақша төленеді. Науқас тарапынан мынадай сумма деген жоқ. Науқас қанның анализін тапсыра ма, қанның анализіне төлейді. Мен және менің аудармашым науқастың картасын алмаймыз. Жалпылама ПЭТ/КТ-дан өтті, қабылдауға кірді, МРТ-дан өтті сол бойынша барлығын өзі төледі”, – дейді "MEDICAL TRAVEL" компаниясының құрылтайшысы Гүлжазира Үргешбай.
Ұлынан айырылған ана енді прокуратурадан көмек сұрайды.
“Азаматтан келіп түскен арызы бойынша прокуратурамен алып қабылданды. Енді қазір істің жан-жақты толық уәждерін қылмыстың құрамы бар-жоғын қорытынды жасау әлі ерте. Тиісті тексерулер жүргізіліп, тиісті мерзімде құқықтық бағасы беріледі”, – деді Қызылорда облыстық прокуратурасының ресми өкілі Раушан Майгелдиева.
Жасөспірімнің өліміне қатерлі ісік емес, жүрек қан тамырларының бітелуі себеп болған. Сондықтан анасы бұл дертті әу баста анықтамаған қазақстандық дәрігерлердің үстінен де шағым түсірмек. Ал 16 жастағы Сұңқар Сәбит биыл электрик мамандығы бойынша колледжге оқуға түскен.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді