Қазақстанда келесі жылы ҰБТ бір рет өткізіледі: Білім сапасы арта ма, қысым күшейе ме?

Келер жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді тек бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны қоғамда қызу талқыға түсуде. Желіде оқушылар мен ата-аналар бұл өзгерістің әділдігі мен салдарына алаңдаулы. Бірі жауапкершілікті арттырады десе, енді бірі күйзеліс пен дайындыққа кететін шығын көбейетінін жеткізді. Осы тұста Stan.kz тілшісі мәселені саралап, мамандардың пікірін сұрап көрді.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда енді жоғары оқу орнына түсуге арналған Ұлттық біріңғай тестілеу тек бір рет өткізілетінін мәлімдеген еді. Мұнда ол ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейтінін айтқан. Бұл өзгеріс келесі жылдан бастап қолға алынбақ.
Дегенмен желіде қазақстандықтар бұл өзгеріске алаңдаушылық білдіріп қызу талқылауда.
"Биліктегілер алдымен ауыл мектептеріне барып ондағы оқушылардың білім сапасын тексерсін сосын ой түйер", "Өмір бір, ал білім мүмкіндіктері шексіз! Қазақ баласы нақты білімін көрсетсе ғой! Білім саласы қашан сапалы, дұрыс болады екен? Түбінде асығыс, ғылыми зерттеусіз іс-әрекеттер жол алып білімділер шет елге жалақтап, өз еліне жоғалып жатқан заман”, "Соңғы екі тест қалсын", 10-нан кейін колледжге кетем-ау. Мынау не енді? Жұрттар сынақ тестілеуден құлап жатыр ғой", “Кезінде біз де бір рет тапсырғанбыз. Сонда оқушылар жауапкершілікті сезінеді”– деп жазды желі қолданушылары.
“Уайымдап, күйзеліске түсіп, білімін толық көрсете алмайды”
Алматылық 10-сынып оқушысы Әлихан (аты өзгертілген – ред.) бұл жаңалыққа қуанышты емес екенін алға тартты. Айтуынша, ҰБТ-ны тек бір рет тапсыру оқушыларға қысым болады.
“Бұрынғыдай тағы да мүмкіндік болады деген ой жоқ. Бәрі бір күнге байланысты сияқты сезіледі. Сол үшін кейде уайым көбейеді, қателесіп кетемін бе деп қорқасың. Бұрынғы форматта келесіде жақсырақ тапсырамын деп асықпай дайындалатынмын. Қазір ондай ой жоқ, дайындыққа деген көзқарасым өзгерді. Күнделікті жоспар құрып, жүйелі түрде оқуға тырысамын. Әсіресе өзіме қиын тақырыптарды анықтап, соларға көбірек уақыт бөлемін. Тесттерді жиі шешіп, уақытқа да үйреніп жүрмін. Яғни дайындықты бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарай бастадым.
Менің ойымша, бұл өзгеріс кейбір оқушылар үшін пайдалы болуы мүмкін. Себебі бәрі байыппен, жүйелі дайындала бастайды. Блімін нақтылап алады. Бірақ бәріне бірдей оңай емес. Кейбір оқушылар қатты уайымдап, күйзеліске түседі. Сол себепті өз білімін толық көрсете алмауы мүмкін. Сондықтан бұл өзгерістің қиын жағы басымырақ деп ойлаймын”, – деді Әлихан.
Алматылық ата-ана Майра да (аты өзгертілген – ред.) балаларды жаңа өзгеріске дайындау оңай емес екенін алға тартты. Айтуынша бұл ата-аналарға да күш түсіреді.
“Келесі жылдан бастап елімізде ҰБТ бір рет болады деген ақпаратты естіп, кішкене ойланып, көңіліміз түсіп қалды. Балаларға қиындау болайын деп тұр. Себебі қазір ҰБТ-ны бес ретке дейін тапсырады ғой. Ал алда тек бір рет болса, балды қалай есептейді, ақылы оқу мен грант қалай бөлінетіні туралы сұрақтар бар.
Бірнеше рет тапсырғанда әдетте балалар бастапқы сынақтарға қарап тәжірибе алады. Қандай сұрақтар болатынын, өздерінің әлсіз жақтарын ұғынып тереңірек дайындалатын еді. Ал бір-ақ рет тапсырса баланың миына да жүктеме түседі, ата-анаға да кішкене қиындау болады. Себебі бұл жағдайда ата-аналарға баланы 8-9- сыныптан бастап ертерек дайындау керек. Мысалы ұлым 10-сыныпта оқиды. Биыл курстар арқылы дайындалып жатырмыз. ҰБТ курсынан бөлек, бір-екі сабағынан жеке репетитор жалдап қарауда. Екі-үш рет болғаны жақсы еді. Себебі бір рет тапсыру бала үшін сәл қиын болмақ”, – деді ата-ана.
“Қамқор ана” қоғамдық қорының жетекшісі, көпбалалы ана Айда Бүкәева керісінше ҰБТ-ның бір рет болатынын қолдады.
“Екі балам студент, тағы бірі студент болғалы тұр, үш балам мектепте оқиды. Жеке пікірім, қазіргі төрт мүмкіндік (екі ақылы, екі тегін) баланы босаңсытып жібереді. Яғни, ол тест тапсыруға аса жауапкершілікпен қарамай барады. “Келесі мүмкіндік бар ғой" деп ойлайды. Ал ең соңғысында ол барлық мүмкіндіктің таусылғанын ұғады. Менің ойымша, мұны ғылыми түрде де дәлелдеуге болады. Бірінші және соңғы, яғни төртінші мүмкіндік арасындағы тест нәтижесінің айырмашылығы әдетте аса үлкен емес. Сондықтан төрт мүмкіндік балаларды босаңсытып, тестке салғырт қарауына әсер етеді”, – деді ол.
Көпбалалы ананың айтуынша, тек ҰБТ алдында балаларды қатты қысымға алмау керек.
“Егер балада білім болса, ол барып, еш қиындықсыз білімін дәлелдейді. Тек бастысы мектептерде психологиялық дайындық болуы тиіс. Бұрын бізге мұғалімдер қалай айтатын еді: "Емтиханнан қорықпаңдар, кіріңдер, өз білімдеріңді көрсетіңдер" деп қолдау жасайтын. Бұл дұрыс шешім. ҰБТ бір рет болса, артық шашырау да болмайды”, – деп қорытты ол.
“ҰБТ бір рет тапсырылса да форматы мен сұрақтарында өзгеріс болмайды”
Дегенмен алматылық математика пәнінің мұғалімі, ҰБТ эксперті Бекзат Сұлтан бұл ақпаратты жан жақты қарау керек екенін жеткізді. Айтуынша ақылы сынақ тесттерді кейін де тапсыруға болады.
“Бұл қазір қоғамда, әсіресе оқушылар арасында қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелердің бірі. Біз әрдайым өзгеріске дайын емеспіз ғой. Қабылдағымыз келмейді. Бұл орайда көп жалған ақпараттар тарауда. Себебі ашық дереккөздердегі ақпаратты көбі толыққанды оқымайды. Негізі ҰБТ-ны тек бір рет тапсырады деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Ақылы, сынақ тесттерді ақша төлеп тапсыра береді. Қаңтар тесті, наурыз тесті деп қала береді. Алайда бұған дейін нақты грантқа арналған ҰБТ-ны балалар екі рет тапсырған еді. Ал қазір соны тек бір рет тапсыруға шешім қабылдап жатыр. Енді оны нақты бекіткеннен соң, алдағы уақытта өзгерісті тағы көре жатармыз”, – деді ол.
Сарапшы сонымен қатар ҰБТ-да алдағы уақытта өзгерістер бірден болмайтынын алға тартты. Айтуынша барлығы жүйеге жаймен енгізіледі.
“ҰБТ бір рет тапсырылса да форматы мен сұрақтарында өзгеріс болмайды. Бұдан бөлек қазір елімізде ҰБТ-дан басқа тест форматы келе жатыр. Жаңашылдық келсе сонымен келуі мүмкін. Ал ҰБТ форматы осы дәстүрлі форматта қалады.
Педогогикалық бағыттағы мамандықтарда шығармашылық емтихан қосылып жатыр. Алайда бұл тұста да алаңдатарлық жайт жоқ деп ойлаймын. Себебі бізде гуманитарлық мамандықтарда шығармашылық тесттер бұрыннан бар. Бұл да солар секілді әңгімелесу форматында оқушының ойлау қабілеті мен эмоционалдық интеллектін тексеретін тәжірибе болады. Себебі соңғы 3-4 жылда мұғалімдік өте актуалды мамандықтардың бірі. Сол үшін оған түсу өте қиын. Шектік балдары да өте жоғары. Қазақстанның ТОП оқу орындарына түсу үшін 125+ жинауы керек. Сондықтан осындай балл жинаған оқушылар шығармашылық емтиханнан да сүрінбей өтетініне сенімдіміз”, – деп қосты маман.
Оқыңыз“Шетел университеттеріне түсуге көмектесетін жаңа тест жасалуда”
Оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын маман елімізде бұл емтиханды қалай қалдырса да екі жағдайда да артықшылықтар мен кемшіліктер болатынын жасырмады.
“Кезінде ҰБТ-ны тек бір рет тапсырып шыққандар да болды. Дегенмен әрине екі рет болса бұл балаларға кішкене сенімділік сыйлап, психологиялық тұрғыдан да жеңілірек болар еді. Дегенмен бәрі оқушыға да байланысты. Бұл оқушының жауапкершілігіне әсер етуі мүмкін. Осылайша олар ҰБТ дайындығына шындап кірісер. Алайда екінші жағынан қарасақ, бұл күйзеліс жағдайларына әкелуі де мүмкін. Сондықтан таяқтың екі ұшы болып тұр”, – деді ол.
Бекзат Сұлтан еліміздегі білім саласындағы кей өзгерістер шетелдік университтерге талапкерлердің түсуін жеңілдетуі мүмкін екенін де алға тартты.
“Әр жасалып жатқан өзгеріс бекер емес. Мысалы елімізде AIT тесттер (Admissions Insight Test (AIT) – бұл Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа форматтағы университетке түсу емтиханы) де жасалып жүйеге енгізіліп келе жатыр. Бұл тек білім ғана емес, балалардың қабілетін де анықтайтын емтихан. AIT америкалық тест SIT-ге ұқсас. Сондықтан бұл тестпен тіпті болашақта шетел университеттері де біздің түлектерді таңдайтын шығар деген үміттеміз.
Жаңа өзгерістерді желіде көпшілікті алаңдатуда. Алайда айтарым терең білімі бар адам кез келген тестті алып шығады. Бастысы дайындық”, – деп қорытты маман.
Қазақстанда 2019 жылдан бастап талапкерлерге ҰБТ-ны жылына 5 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз) тапсыруға рұқсат берілді. Бірақ олардың ішінде грантқа тек жазғы (маусым–шілде) ҰБТ нәтижесі ғана есептелді.
Кейін формат жаңартылып, тестілеу электронды жүйеге көшкен соң, талапкерлерге 2 рет тапсырып, ең жоғары нәтижесін таңдауға мүмкіндік берілді. Грант конкурсына осы екі мүмкіндіктің нәтижесімен қатысып келді.
Халықаралық тәжірибе қандай?
Әлем елдерінде университетке түсу емтихандары әртүрлі модельмен ұйымдастырылады. Негізгі айырмашылық – емтиханды қайталап тапсыру мүмкіндігі, бағалаудың кешенділігі және бір сынақтың қаншалықты шешуші рөл атқаратынында.
Мәселен, Қытай мен Оңтүстік Кореяда университетке түсу жүйесі бір ғана шешуші емтиханға негізделген. Қытайдағы Gaokao және Кореядағы CSAT жылына бір рет қана өткізіледі, ал оның нәтижесі оқушының жоғары оқу орнына түсу тағдырын айқындайды. Бұл елдерде қайта тапсыру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, оқушыларға психологиялық және академиялық жүктеме өте жоғары түседі.
Ал АҚШ-та SAT және ACT сияқты тесттер бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік береді. Мұнда тек емтихан нәтижесі ғана емес, мектептегі орташа баға (GPA), мотивациялық эссе және қосымша жетістіктер де ескеріледі. Яғни университетке қабылдау жүйесі кешенді бағалауға негізделген.
Ұлыбританияда A-level жүйесі қолданылады. Оқушылар әдетте бірнеше пәнді тереңдетіп оқып, солар бойынша емтихан тапсырады. Нәтиже бірнеше сессия арқылы жиналып, университеттер көбіне пән комбинациясы мен алынған бағаға қарай шешім қабылдайды.
Ал Финляндияда бірыңғай тест жүйесімен қатар мектептегі бағалар да маңызды рөл атқарады. Студенттер ұлттық матрицалық емтиханды тапсырады, бірақ университеттер қабылдау кезінде оқушының жалпы оқу нәтижесін және басқа көрсеткіштерін бірге қарайды.
Ресейде бірыңғай мемлекеттік емтихан – ЕГЭ (Единый государственный экзамен) қолданылады. Бұл жүйе мектеп бітіру емтиханы мен университетке түсу сынағын біріктіреді. Оқушылар әдетте бірнеше пән бойынша тапсырады және нәтижесі жоғары оқу орнына түсуге тікелей әсер етеді. Емтиханды кей жағдайда қайта тапсыру мүмкіндігі бар, бірақ негізгі гранттық орындарға бір негізгі нәтиже есепке алынады.