"Алтын" унитаз бен бассейн: Астанадағы кұны 1 миллиард теңгеге жуық коттедждің интерьері талқыға түсті

Астанада Қорғалжын тасжолына жақын маңдағы қымбат коттедж әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ілікті. Жұртты үйдің бағасынан бұрын ішкі әрлеуі таңғалдырған. Үш қабатты зәулім үйдің ішінде бассейн, сауна, қымбат жиһаз, алтын түстес интерьер элементтері және “алтын” унитаз бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Әсия есімді риээлтор жазба жариялаған. Хабарландыруға сәйкес, коттедждің аумағы 20 сотық жерді алып жатыр, үйге жаңа жөндеу жасалған және айналасы абаттандырылған.
Алғашқы хабарландыруда үйдің бағасы 850 миллион теңге деп көрсетілсе, кейінгі өзекті нұсқасында құны шамамен 980 миллион теңгеге дейін көтерілген. Яғни баға айырмасы 130 миллион теңгеге жуық. Сонымен қатар екі хабарландыруда бөлме саны да әртүрлі көрсетілген.
Threads қолданушылары коттедждің интерьерін әзілге айналдырып, түрлі пікір жазып жатыр. Бірі “екінші унитаз неге алтын емес?” деп қалжыңдаса, енді бірі дизайнердің байланысын сұрап, “ешқашан жүгінбеу үшін керек” деп мысқылдаған. Кейбірі бұл стильді “қазақ бароккосы” деп атады.
Коттедж Қорғалжын тасжолы маңындағы қымбат жеке үйлер орналасқан шағын қалашықта тұр. Жақын жерде Украина мен Вьетнам елшіліктері орналасқан. Ауданның жолдары жақсы, айналасы күтілген, көшеде адам аз. Көбіне жеке үйлердің ауласын абаттандырып жүрген жұмысшыларды көруге болады.
Жергілікті тұрғындардың бірі үй иелері кешке қарай келетінін ғана айтқан. Ал коттедждің нақты кімге тиесілі екені ашық дереккөздерде көрсетілмеген.
Хабарландыруды қазақстандық кәсіпкер әрі бизнес-коуч Абылайхан Сәрсенбеков жариялағаны белгілі болды. Ол үйдің бағасы мен салыну тарихына қатысты түсініктеме бермеген.
Ашық деректерге сүйенсек, Сәрсенбеков – Алматыдағы паназиялық асхана бағытындағы TaoTao.kz мейрамханасы мен италиялық Sky Bar пабының иесі. Instagram парақшасында ол өзін кәсіпкер ретінде таныстырып, бизнес, мотивация және рухани даму туралы жазбалар жариялайды.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз