Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немерелі болдым": Әнші Сәкен Майғазиев халықтан сүйінші сұрады

Сәкен Майғазиев немерелі болды
Фото: instagram.com/saken_maigaziyev

Танымал әнші, “МузАРТ” тобының солисі Сәкен Майғазиев немерелі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жүктеп, халықтан сүйінші сұрады. 

“Немерелі болдым. Аллаға мың шүкір. Қазақ елі, сіздерге де немере-шөбере жұғысты болсын. Бақыттан басым айналып тұр”, – дейді әнші.

Динара Майғазиева да әсерлі жазба жариялап, қуанышты жаңалығын бөлісті. Ол келіні Әдияның аяғы ауыр екенін көпшілікке жария етпей, тіл-көзден сақтауға тырысқанын айтты.

Әншінің жары Абайдың “Адамның бір қызығы – бала” деген сөзін жиі ойлайтынын айтып, енді сол қуаныштың немере арқылы еселене түскенін жазды. Оның сөзінше, ұлы Әділет әке атанып, Майғазиевтер әулетіне кішкентай қыз бала дүниеге келген.

“Қыз – ырыс дейтін қазағымнан айналдым! Ізгілік пен мейірімнің бастауы болып, мына әлемді қуанышқа бөлейтін кішкентай адам, қош келдің! Баршаңызға жұғысты болсын”, – деп жазды ол.

Желі қолданушылары өнер иесінің отбасын қуанышымен құттықтап, сәбиге ұзақ ғұмыр, ата-анасына бақыт тіледі.

Stan.kz
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 18:45