"ҰБТ-ны алмастыруы тиіс": Министр талапкерлерге арналған жаңа балама тест туралы айтып берді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) балама жаңа тест енгізудің мақсаты туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, ҰБТ-ға балама тестілеу келесі жылдан бастап енгізіледі.
"Бізде бірнеше жыл бойы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсырып келді: екі рет сынақ тесті, екі рет негізгі тест және бір рет ақылы бөлімге түсу үшін. Келесі жылдан бастап баламалы, яғни жаңа тест енгіземіз. Тағы да атап өтейін, ол қолданыстағы ҰБТ форматымен қатар енгізіледі. Осы арқылы біз жүйені оңтайландыруға көшеміз. Бұл биылғы жылға қатысты емес, келесі жылдан бастап. Дәстүрлі ҰБТ-мен қатар талапкерлерге осы пилоттық жаңа тестті тапсыру мүмкіндігі беріледі", – деді Саясат Нұрбек.
Журналистер министрден "оңтайландыру" нақты неге қатысты екенін сұрады.
"Келесі жылы талапкерлер бір рет негізгі ҰБТ-ны тапсырады. Сонымен қатар балама тестті де тапсыруға мүмкіндік болады. Соңғы бес жылдағы талдау көрсеткендей, сынақ тесттері – ең маңызды мүмкіндік болып отыр. Бірінші және екінші негізгі тесттің арасындағы айырмашылық өте аз, ол қосымша құндылық бермейді. Ал сынақ тесттері қалады, талапкерлер оны тапсырып көріп, өздерінің әлсіз және мықты тұстарын анықтай алады", – дейді министр.
ОқыңызМинистрдің айтуынша, жаңа тесттің артықшылығы оны Қазақстандағы шетелдік университеттердің филиалдары да қабылдайды.
"Ол саладағы жетекші компанияның әдістемелік қолдауымен әзірленіп жатыр. Сондықтан оның сапа стандарты мүлде басқа болады. Негізінде, біз тұлғаны бағалау мен білімді бағалау саласындағы соңғы жетістіктердің барлығын осы тестке жинақтап отырмыз. Бұл өте қызықты тест болады. Тестте талапкердің жеке ерекшеліктері, оның құндылықтары, көшбасшылық қасиеттері және бастамашылдығы ескеріледі", – деді Саясат Нұрбек.
Министр жаңа тесттің мақсаты ҰБТ-ны біртіндеп алмастыру екенін атап өтті.
"Бірақ бұл үдеріс бірден жүзеге аспайды. Әрине, бәрі талапкерлерге байланысты. Жалпы бізде бес жылдық жоспар бар", – дейді ғылым және жоғары білім министрі.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ-ға балама жаңа тест енгізілетіні туралы жазған едік. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған жоба бойынша, жаңа емтихан ҰБТ-мен қатар жүргізіліп, болашақта халықаралық SAT үлгісіндегі баламаға айналуы мүмкін.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?
Мадхалиттердің 4-5 жыл бұрын депутаттық корпусқа үміткер болуға талпынғандары да болды
"Саябақтарда қонып жүрмін": 21 жастағы қазақстандық балалар үйінің түлегі далада қалды
Жетім балалар неге кәмелетке толған соң көше кезіп қалады?