Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда үшінші ұлттық валюта пайда болды

Цифрлық теңге
Фото: gov.kz

Қазақстанда цифрлық теңгені енгізуге арналған нормативтік-құқықтық база ресми түрде бекітіліп, оны ел экономикасына кең көлемде енгізудің жоспары әзірленді. Енді теңгенің цифрлық форматы ұлттық валютаның үшінші түрі ретінде ресми түрде танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, цифрлық теңге ұлттық валютаның толыққанды үшінші түрі болады және Қазақстанда ол қолма-қол ақша (бірінші форма) және қолма-қол емес есеп айырысулармен (екінші форма) қатар кеңінен қолданылады.

"Бүгін ел үшін маңызды жобалардың бірі мемлекет басшысы да айтқан цифрлық теңге. Оны реттейтін нормативтік-құқықтық база бекітілді. Ресми түрде цифрлық теңге Қазақстандағы ұлттық валютаның үшінші түрі болып саналады", – деді қаржы вице-министрі.

Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы Ұлттық банкпен бірлесіп цифрлық теңгені қолдана отырып шамамен 20 пилоттық жоба іске қосылған.

Тұрысов пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсеткенін атап өтті. Осыған байланысты ұлттық банк пен ұкімет цифрлық теңгені одан әрі кең көлемде енгізу жоспарын бекіткен.

"Үшінші валютаны" кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған:

  • Бірінші кезекте жүйе бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынатын жобаларда іске қосылады;
  • Келесі кезеңде цифрлық теңге Үкімет айқындайтын басқа да негізгі жобаларды қамтиды.

Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтарында Тоқаев цифрлық теңге мен банктерге арналған жаңа талаптарды да қамтитын банк қызметі туралы заңға қол қойған еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 18:35