Қайтадан 500 теңгеге дейін өсе ме: Ұлттық банк доллар бағамына қатысты болжамын айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы доллар бағамына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол брифингте доллар қайтадан 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
“Қазір мұнай бағасына қатысты жағдай жаман емес. Бұл елге валютаның келуіне және нарықтағы жағдайға әсер етеді. Сондықтан теңгенің айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Одан бөлек, маусымға байланысты өзгеріс бар. Әдетте бірінші тоқсанда мемлекеттік холдингтер, ұлттық компаниялар мен бизнестің инвестициялық бағдарламалары енді басталады. Ал валютаға негізгі сұраныс жаз мезгілінен бастап артады. Бұл қалыпты маусымға байланысты құбылыс”, – деді Ұлттық банк басшысы.
ОқыңызОның айтуынша, қазір теңге-доллар бағамы нарықтық жағдайда қалыптасып отыр.
“Сондықтан бағам әзірге осындай деңгейде. Ол инфляцияны төмендетуге айтарлықтай әсер етіп отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанда импорт көлемі жоғары. Теңгенің нығаюы барлық инвестициялық бағдарламаға оң әсер етеді. Мейлі корпоративтік, мейлі квазимемлекеттік сектор болсын, әсері оң. Себебі кез келген инвестициялық жобада, әсіресе технологиялық жобаларда, жабдықтың 70–80%-ы импортқа тиесілі. Демек теңге 10% нығайса, импорт құны да 10% арзандайды. Бұл экономика үшін оң әсер”, – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар ол Ұлттық банк доллар бағамына қатысты болжам жасамайтынын еске салды. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда бағамды ешбір сарапшы нақты болжай алмайды. Себебі ол Таяу Шығыстағы ахуалға тікелей байланысты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 461 теңгеге дейін төмендегені туралы жазған едік.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ