Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Украина, біз біргеміз": Алматыда Украинаны қолдауға жиналғандар митинг өткізіп жатыр

Бүгін Алматыда Украинаны қолдауға жиналғандар бейбіт митинг өткізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Митингіге 1000-дей адам жиналған. Олардың қолдарында украин туын ұстап келген халық қолдарында “Соғысқа жол жоқ”, “Украина біз біргеміз”, “Путин кет!” деген қазақ, орыс, ағылшын тілдерде жазылған плакаттар бар. 

Жиналғандар қарасы барған сайын көбеюде. 

Митингінің алдында Қазақстан және Украина әнұрандары айтылды.

Митингіге келген белсенді Есжан Төлебекұлы бүгінде Украина тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ екенін көрсетіп отырғанын айтты.

“Тәуелсіздік үшін күрестің символын көрсетіп жатыр. Бізде ондай қоғам бар ма? Бізде осындай митингілерге халық көптеп келсе, елдің саясатына араласса бізде де сондай қоғам қалыптасады. Сол үшін еліміздегі кез келген жағдайға араласайық. Зеленский неге халқымен бірге болды? 2014 жылы Украина халқы демократиялық жолмен өзінің басшысын сайлады. Сондықтан да олардың басшысы халқымен бірге жүр. Ал бізде президентті халық сайлаған жоқ, оны тағайындады. Айырмашылық бар. Украина жерінде үш күн соғыста 227 адам қаза болды. Бізде қаңтар оқиғасында екі күнде 227 қандасымыз қаза болды. Түрмелер мен тергеу изоляторларында геноцид әлі де жалғасып жатыр. Қаңтар оқиғасын ұмытпайық. Соғыс тоқтасын! Бір адамның өлгені адамзаттың өлгені”, – дейді Есжан Төлебекұлы.

Митинг ұйымдастырушылардың бірі Дәулет Әбілқасымов митингтің Ресей халқына емес Путинге, соғысқа қарсы митинг екенін айта кетті. 

“Путин өз мансапқұмарлығының тұтқынына айналды. Осы соғысты бастаған – сол. Ол қазір жеңіліп жатыр, идеология жағынан да, әскери жағынан да. Ол енді аяғына дейін баруға тырысады. Біз бұл жерде қандай да бір ұлтқа қарсы емеспіз. Орыстарға не украиндарға қарсы емеспіз. Біз Путинге қарсымыз. Бейбітшілікті қолдаймыз, – деді белсенді. 

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов қазір де украиналықтар туған елінің әрбір жері үшін күресіп жатқанын айтты. 

“Украина еркіндікке қол жеткізген мемлекет. Олар 90 жылдарда-ақ бейбіт митингтер өткізуге қол жеткізді. Билік оларға тоқтау сала алмады. 2014 жылы революция болып, олар әділ сайлау өткізуге мүмкіндік алды. Елдің барлық аумағында әділ сайлаулар өтті. 2014 жылдан кейін олар азаматтық құқықты қалыптастарды”, – деді ол. 

Жиналғандар егемен елдің территориялық тұтастығына нұқсан келтірген Ресейдің агрессиясын айыптап, мұндай қауіп Қазақстанға да төніп тұрғанын айтты.

Айта кетейік, бұл жиынды өткізуге әкімдік рұқсат етсе де, алаңды бақылап жүрген билік адамдары байқалады.

Талқылау