Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президенттік мерзім жеті жылдық ал елорда атауы қайта Астана болады: Парламент жаңа өзгерістерді қабылдады

Қазақстан Парламенті Конституцияға жеті жылдық президенттік мерзімге және елорданың атауын Нұр-Сұлтаннан Астанаға өзгертуге қатысты түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Парламент

Жұма күні, 16 қыркүйекте Парламентте қос палатаның бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде еліміздің негізгі заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды. Осылайша "ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын қабылдады.

Жұма күні парламенттің бірлескен отырысында құжатты таныстырған әділет министрі Қанат Мусин "заң жобасы бес бапқа өзгерістер енгізуді және бір баппен толықтыруды көздейді" деді. Оның айтуынша, президент мерзімін жеті жылға созу туралы өзгеріс президент сайлауына дейін енгізілуі тиіс, әйтпесе президент болып сайланатын адам бес жылдан соң тағы сайлауға түсу құқығына ие болады.

"Елорданың атын өзгерту мәселесі референдумда көтерілген қоғамда кеңінен талқыланды. "Жаңа Қазақстан" тобы депутаттарының бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Қарастырылып отырған конституциялық новеллалар мемлекет басшысы мен депутаттардың саяси бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қолдау білдірулеріңізді өтінемін", - деді әділет министрі.



Заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы жеті жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды. Бұған қоса, Нұр-Сұлтанды Астана атау және Конституциялық сот судьяларының өкілетін сегіз жылға созуды қарастырады.

Отырыста сөз алған парламенттің қос палатасының депутаттары Әділет министрлігінің ұсынысын қолдады. Мәжіліс депутаты Иса Қазыбек Президент Тоқаевтың президенттік біртұтас мерзімі мен оны заңнамалық тұрғыдан бекіту жөніндегі ұсыныстары тек қолдауға лайық екенін атап өтті.

"Бұл бірінші жасалған либералдық қадам. Шынына келгенде, біздің еліміз кезексіз президенттік сайлаудың тек зиянын көріп келді. Себебі 30 жылдың ішінде бізде тек екінші президент ғана болды. Біз екінші президентті көрмейміз деп ойлап едік, бірақ құдайға шүкір, екінші президентті көрдік. Ал жаңа норманы енгізетін болсақ онда бізде екі президент 30 жылда емес 14 жылдың ішінде болады", - деді ол.

Ұсынылған түзетулерді талқылағаннан кейін депутаттар заң жобасын қолдап дауыс берді. Отырысқа қатысқан Мәжілістің барлық 98 депутаты мен Сенаттың барлық 50 депутаты түзетулерді қабылдап дауыс берді. Құжат енді президентке қол қоюға жіберіледі.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында оның бірінші бес жылдық мерзімі тек 2024 жылы ғана бітетініне қарамастан, мерзімінен бұрын президент сайлауын биыл күзде өткізуді ұсынған.

қаңтар оқиғаларынан кейін мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Ізінше президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар тобының астананың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысымен келіскен.

15 қыркүйек күні Нұр-Сұлтанда мәслихатта елорданы Нұр-Сұлтаннан Астанаға ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Талқылау