Президент Жолдауы ШҚО-дағы стратегиялық жобалардың өңір әлеуетін арттыруына серпін береді

Мемлекет басшысының 2027 жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялау бастамасы елдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, экономикалық өсімге серпін беруге бағытталған. Құрылыс саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірлердің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, "Құрмет" орденінің иегері Манарбек Мұхамеджанов жолдаудағы бұл басымдықтың өңір үшін маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, ақсақалдар қауымы мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын асыға күтіп, онда көтерілген бастамаларға ерекше назар аударады. Биылғы Жолдаудың маңызы, әсіресе, жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдау болуымен де айқындалады. Онда елдің дамуы, әлеуметтік-экономикалық өсім және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері қамтылған.

“Құрылыс жүрсе, жаңа жұмыс орындары ашылады. Елдің келбеті көркейіп, халықтың жағдайы жақсарады. Мұның бәрі азаматтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жалпы әл-ауқатына оң әсер етеді, – дейді Манарбек Мұхамеджанов.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін елдегі тыныштықпен, қоғамдағы бірлікпен, ынтымақпен байланыстырады. Оның пікірінше, мемлекеттің тұрақты дамуы мен халықтың ортақ мақсатқа жұмылуы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға жол ашады.
“Біз президентіміздің саясатын әрдайым қолдаймыз. Өйткені, ол Қазақстанды дұрыс жолмен бастап келеді. Естеріңізде болса, 1997 жылы “Қазақстан – 2030” стратегиясы қабылданған кезде елімізді әлемдегі дамыған елу мемлекеттің қатарына қосу мақсаты қойылған еді. Бүгінде тыныштықтың, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың, халықтың күш-жігерінің арқасында Қазақстан әлемдік рейтингте 47-ші орынға табан тіреп отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай”, – дейді ол.

Манарбек Әзімбекұлының айтуынша, Шығыс Қазақстанда өңірдің дамуына серпін беретін маңызды құрылыс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Зайсан мен Катонқарағай аудандарында салынып жатқан халықаралық әуежайлардың құрылысы көлік қатынасын жақсартып, туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұдан бірер жыл бұрын ашылған Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің іске қосылғаны өңірдегі логистиканың дамытуға айтарлықтай ықпал еткен.
“Еліміздің және облысымыздың өркендеуіне үлкен әсер ететін жобалар бар. Зайсан мен Катонқарағайдағы халықаралық әуежайлар, Осинов асуын айналып өтетін, сонымен қатар Өскемен қаласындағы көлік қатынасын жақсартатын көпірлер құрылысы өңірдің көлік логистикасын дамытуға мүмкіндік береді. Бірнеше жыл бұрын салынған Бұқтырма көпірінің де маңызы зор. Осындай нысандардың барлығы елдің дамуына қызмет етеді”, – деп атап өтті ол.

Оның пікірінше, ауқымды құрылыс жұмыстары өңір үшін жаңа бағыт емес. Шығыс Қазақстанда қолға алынған маңызды стратегиялық жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы қажет.
“Өңірімізде маңызды құрылыс жобалары бұрыннан жүзеге асырылып келеді. Енді осы жұмыстар әрі қарай жалғасын таппақ. Біз де өз тарапымыздан Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсететін боламыз”, – деді Манарбек Мұхамеджанов.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді