Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент: Басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын, монополияны жою

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикасын дамыту үшін шектеулі адамдардың үстемдігін жою керектігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Президент  "олигопология" терминіне тоқталып, бұл сөздің Қазақстанмен қандай баланысы бар екенін түсіндірді.

“Олигополия – экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Бізде осындай үрдіс белең алуда, көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер оны жақсы біледі. Бұл шынайы бәсекеге, жалпы айтсақ, әділеттілікке кедергі болып отыр. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн. Бұл, әрине, оңай емес, бірақ міндетті түрде осы жұмысқа кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ”, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оған қоса, мемлекет басшысы қоғамның алдында тұрған ең маңызды мәселені ашып айтты. Президент халық заң мен тәртіпке бағыну арқылы ғана дамитынын жеткізді. 

“Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз "Тәртіпсіз ел болмайды" деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым”, – деді мемлекет басшысы. 

 

Талқылау