Павлодар облысында мемлекетке 1,3 миллиард теңге залал келтірді деп айыпталған әкім орынбасары сотта ақталып шықты

Павлодарда Баянауыл ауданы әкімінің орынбасарына қатысты қоныс аударушылар мен қандастарға 1,3 миллиард теңге көлемінде субсидия төлеу кезіндегі салғырттық дерегі бойынша сот аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
49 жастағы аудан әкімінің орынбасарына өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамады деген айып тағылған. Оның әрекетсіздігі ауыр зардаптарға әкелген, бұл оқиға кезінде ол Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әнуарбек Оспановтың айтуынша, шенеунік пен оның бұрынғы қарамағындағы қызметкерлер облыс прокуратурасы жүргізген тексерістен кейін тергеуге алынған. Сол кезде облыста мансап орталығы мен бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне қатысты 15 қылмыстық іс тіркелген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушылар 2022 жылдың қазан айынан 2024 жылдың наурызына дейін қоныс аударушыларды қабылдау квотасына енгізу жөніндегі өңірлік комиссияны құрмай, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен келген 280 қоныс аударушы мен қандасты мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар тізіміне негізсіз енгізген. Нәтижесінде олар 1 миллиард 311 миллион теңге көлемінде субсидия алған.
Сот барысында айып тағуға прокурорлық тексерістен кейін ғана күшіне енген заң нормаларына сүйенген маман қорытындысы алынғаны анықталды. Қорғау тарапы бұл құжатты дәлел ретінде жарамсыз деп тануды сұрады, ал сот бұл өтінішті қанағаттандырды.
Судьяның айтуынша, бұл қорытындыда алаяқтық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану, бюджет қаражатын жымқыру деректері мансап орталықтарының, бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері мен кейбір төлем алушылар тарапынан жасалғаны көрсетілген, ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты ондай деректер келтірілмеген.
"Тергеуші айыптау актісінде бәрін бір жерге біріктіріп жіберген: айыпталуышлар қоныс аудару ережелерін, әлеуметтік кодекс талаптарын бұзды деп көрсеткен. Алайда олар тіпті өңірлік комиссияның мүшесі де болмаған. Неге бұлай болғанын білмеймін, асыққан ба, әлде бар дәлелдерге тиісті баға берілмеген бе, бірақ бұл айыптау нақты шындыққа сай келмейтін, тек формальды негіздерге құрылған", – деді судья.
Сот мәліметінше, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсету рәсімі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде адамды өңірлік квотаға енгізу туралы шешім қабылданады. Одан кейін құжаттар мансап орталықтарына жіберіліп, сол жерде әлеуметтік келісімшарттар жасалып, субсидиялар төленеді.
"Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы мен мамандарының әрекеттері мен туындаған салдарлардың арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ. Айыпталушылар төлемдер туралы шешім қабылдамаған. Зардаптар олардың салғырт әрекетінің салдарынан болды деу – өте үлкен қателік. Менің ойымша, іс материалдары үстірт қаралғандықтан, тергеуші осындай қате қорытындыға келген", – деп түйіндеді судья.
Судья 1,3 миллиард теңге көлеміндегі залал тек әлеуметтік келісімшарт талаптарының бұзылуы салдарынан ғана туындауы мүмкін екенін, алайда бұл мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмегенін атап өтті.
Сот үш айыпталушыны да әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтады. Айта кетейік, сот процесі алты айға созылып, ал сотқа дейінгі тергеу шамамен бір жылға жуық уақыт жүргізілген.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ақталған тұлғалар заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
Еске салсақ, 2024 жылдың мамыр айында Павлодар облысының прокурорлары "Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында бөлінген бюджет қаражатының жымқырылу деректері анықталғанын хабарлаған еді. Сол кезде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен Павлодар облысына қоныс аударған азаматтарға арналған үйлердің құны әдейі қолдан өсіріліп, 8 миллион теңгеге дейін жеткізілгені белгілі болды. Ал шын мәнінде 500 мың теңгеден басталатын қараусыз қалған үйлер сатып алынған.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр