Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Паралимпиада алтынын армандадың ба?" Динара Сәтжан спортшы Ақмарал Науатбекке қойған орынсыз сұрағы үшін сынға қалды

Динара Сәтжан, Ақмарал Науатбек, қазақстандық әйел
Фото: instagram.com/dinarasatzhan / nauatbeka

Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбекке қойған сұрақтары үшін сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Динара Сәтжан паралимпиада чемпионын өзінің “The DS Show” бағдарламасына сұхбатқа шақырған. Әңгіме барысында ол спортшыдан: “Сен Олимпиада алтынын армандадың ба, әлде Паралимпиада алтынын ба?” деп сұрайды.

Спортшы бұл сұраққа ыңғайсызданып жауап берген.

“Әрине, Олимпиада алтынын армандадым. Себебі мен спорттық жолымды Олимпиададан бастадым ғой. Бірақ бұйырғаны осы болды. Үш жыл бұрын көзімнен жарақат алып, Паралимпиадаға өтуіме тура келді. Басында мұны соңына дейін мойындағым келмеді. Дегенмен Олимпиададан бастадым және менің қолымнан жақсы келетін еді”, – деді Ақмарал Науатбек

Бұған қоса, тележүргізуші спортшыдан қазіргі таңда көру қабілеті қаншалықты нашарлағанын сұраған.

“Көзім қазір минус 9-ға дейін нашарлап кетті. Мен қазір G2 санатында өнер көрсетемін”, – деп жауап берді ол.

Сұхбат біршама уақыт бұрын жарияланғанына қарамастан, желідегі жұртшылық тележүргізушінің сұрақтарына әлі де наразылық білдіріп жатыр. Мәселен, TikTok желісінде Nellkinsen лақап атымен тіркелген қолданушы осы тақырыпта видео жариялап, Динара Сәтжанның сұрағын әдепсіз деп бағалаған.

“Динара Сәтжан мұны өзіне қалай елестетеді? Ойланып көрейік. Ол қыз: “Мен Олимпиада алтынын жеңе алмаймын, бірақ Паралимпиаданы жеңе алатын сияқтымын. Барып аяғымды сындырайын” деп ойлады деп санай ма? Динара Сәтжан бұл қателігін тек қазақтілді журналистер ғана байқады деп айтыпты. Бірақ “Сен Паралимпиада алтынын армандадың ба?” деген сұрақты орыс, ағылшын, жапонтілді журналистер де әдепсіз деп санар еді”, – дейді желі қолданушысы.

Ол сондай-ақ тележүргізушінің спортшының денсаулығына қатысты сұрақ қоюын да сынға алды.

“Динара, ол қыздың жағдайын бізге түсіндіру арқылы өз айыбыңды жуа алмайсың. Керісінше, бұл сенің орынсыз сұрағыңды екі-үш есе ауырлата түседі. Себебі сен оның денсаулығы нашарлағанын біле тұра, әдейі сол тақырыпты қазбалап, жараның бетін тырнағандай болып отырсың”, – дейді автор.

Ол өз пікірін түсіндіру үшін мысал да келтірген.

“Мысал келтірейін: бір адамның өз үйі болды делік. Бірақ ол үйі өртеніп кетіп, қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Сол адамнан: “Сен өз үйіңде тұрғың келді ме, әлде жалдамалы пәтерде ме?” деп сұрау қаншалықты этикаға сай?”  дейді ол.

Желі қолданушылары оның ойымен келісіп, түрлі пікір қалдырған.

“Динара паражурналист қой”, “Сіз картоптан апельсин шырынын алғыңыз келіп тұр”, “Динараға тәрбиесі үшін Паралимпиада алтынын беріңіздерші”, “Динара Сәтжанды журналист деп кім айтты?”, “Мына сұраққа сөзім жоқ, сұмдық”, “Сәтжан мүлде білікті маман емес”, “Мұндай сұрақты қалай қоюға болады?” – деп жазды олар.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 13:50